
Тараз қаласында жасөспірімдер арасында болған жанжал ауыр салдарға әкелді.
Қатарластарының соққысына ұшыраған 9-сынып оқушысы ауыр хәлде ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Оқиға туралы алғаш болып жәбірленуші қыздың анасы әлеуметтік желілерде хабарлаған.
Оның айтуынша, №51 мектептің 9-сыныпта оқитын қызына көшеде бірнеше жасөспірім қыз шабуыл жасап, аяусыз соққыға жыққан. Анасының сөзінше, соққыдан кейін қыз екі тәулік бойы жансақтау бөлімінде жатқан.
«Оқиғаның бейнежазбалары бар. Соған қарамастан, күдіктілер әлі күнге дейін еркін жүр», – деп жазды ол.
Жамбыл облысы полиция департаменті бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, оқиғаға қатысы бар барлық жасөспірім полиция бөлімшесіне жеткізілген.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, кәмелетке толмағандардың ата-аналары балаларын тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал жанжалға қатысқан жасөспірімдер профилактикалық есепке алынған.
Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.



