
Қазақстандық жас ғалым Дидар Садық бүгінде Оксфорд университетінде қазақ тілінен дәріс оқып жүр, деп хабарлайды qandastar.kz Grants.kz порталына сілтеме жасап.
Балалық кезінен-ақ туған тілге ерекше ықыласпен қараған Дидар үлкендердің әңгімесін сүйсіне тыңдап өскен. Ана тілін әлемге танытуды мақсат еткен ол кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін тәмамдап, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ғылыми қызмет жолын бастаған.
Бүгінде Дидар Садық – Оксфорд университетінде қазақ тілін оқытатын алғашқы маман. Бұл бастама Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оксфорд университеті арасындағы ынтымақтастық нәтижесінде жүзеге асқан. 2024 жылы іске қосылған пилоттық жоба арқылы қазақ тілі оқу бағдарламасына енгізілген.
Қазір жас ғалым шетелдік студенттерге қазақ тілін үйретіп қана қоймай, ұлттық мәдениет пен дәстүрді де насихаттап жүр. Оның айтуынша, тіл үйрету – тек кәсіби міндет емес, сонымен қатар қазақ мәдениеті мен әлемдік қауымдастық арасындағы рухани көпір орнатуға бағытталған өмірлік миссия.



