Алматы облысы
Жас мамандар ант қабылдады
Конституция күні аясында ұйымдастырылған шарада Алматы облысындағы 38 жас мемлекеттік қызметші ант қабылдады.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Ләззат Тұрлашов сөз сөйлеп, биыл өткен референдум еліміз үшін елеулі оқиға екенін атап өтті.
«Сіздерді еліміз үшін ең маңызды мерекелердің бірі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі мереке-бұл жас мемлекеттік қызметшілер үшін салтанатты ант қабылдайтын ұмытылмас күн. «Бірлігі бекем ел мықты» деген сөз бар, біз ортақ мүдде мен биік мақсаттармен бірге жаңа Қазақстанның дамуы мен құрылуына өзіміздің елеулі үлесімізді қосатынымызға сенімдімін», – деді ол.
Жалпы, өңірдегі жергілікті атқарушы органдарда 2321 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді.
«Жыл басынан 108 жас қызметші мемлекеттік қызметке қайта қабылданған. Мемлекеттік қызметтегілердің 15 проценті жастар. Олар күн сайын халықтың игілігі үшін еңбек етіп, біліктіліктерін көрсетіп келеді. Мемлекеттік қызметке қадам басқан жас мамандардың алдағы жұмысына табыстар тілеймін», – деп атап өтті ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ләззат Бейсеқұлова.
Шарада мемлекеттік қызметке жаңадан аяқ басқан Әсел Қалмұханова да бұл қызметтің үлкен жауапкершілігін сезінетінін жеткізді.
«Алдымен баршаңызды алдағы Конституция күнімен құттықтаймын. Өйткені бұл мереке біз үшін ең мейрамдардың бірі. Бұл күн – мен үшін өте маңызды күндердің бірі. Себебі, бүгін мемлекеттік қызметшінің антын қабылдадым. Бұл тарихи сәт мен үшін үлкен мәртебе. Мемлекеттік қызметші мамандығын саналы түрде таңдадым. Алдағы уақытта, еліміздің дамуына өз үлесімізді қосатынымызға сенемін», – деді Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйдібек би ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Әсел Қалмұханова.
Айта кетерлігі Конституция күні қарсаңында облыста «Ата Заңым, асыл заңым-қуатым», «Конституция – еліміздің Ата Заңы», «Ата заң – мемлекеттің негізі» атты жиындар, «Конституция – Тәуелсіздік тұғыры», «Ата заң – болашағымыздың кепілі», Конституцию «Ел тірегі, ел бақыты – Ата Заң!», «Конституция – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» жастар акциясы өтеді.
Сондай-ақ, мәдени және спорттық-бұқаралық іс-шаралар ұйымддастырылуда. Мерекелік шараларға жастар, ардагерлер, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар ат салыспақ.