Жаңалықтар
Алтай Айнабек: Жасанды жаңбырмен Аралды толтыруға болады
Желіде «жаңбыр адам» деген атқа ие болған Алтай Айнабек Арал теңізіне жаңбыр жауғызды, деп хабарлайды qandastar.kz.
Алтай Айнабек – Климатты өзгерту технологиялары халықаралық орталығының (International Center of Climate Change Technologies) басшысы. Инженер өзін «жасанды жаңбыр жауғызу» технологиясының авторы екенін мәлімдеді.
Ол климаттық технологияны Қазақстанға әкеліп, ел игілігіне пайдаланбақ. Ал жаңбырды шақыру әдісін, атмосфераға бірыңғай иондар жіберіп, жерден көтерілетін ауа ағымын тудырып, табиғи процесстердің имитациясын жасаймын деп түсіндірді. Атмосфералық қысым төмендеген жерге мұхит акваториясынан ылғал келеді дейді инженер.
Айтуынша, жаңбыр жаудыратын құрылғысы патенттелген.
«ЕАПО-ның (Еуразиялық патент ұйымы – ред.ескертпесі) патенті бар, халықаралық деңгейде зияткерлік меншігі қорғалған. Әлемде бұл саладағы Австралия, Германия, Швацария, БАӘ сияқты елдердегі әріптестеріміздің технологиялық мүмкіндігін жақсы білеміз. Аридтік аймақтарда, шын су керек шөл мен шөлейттерде ешқайсысы нәтиже көрсете алмайды, сол үшін оларды бәсекелес деп есептемеймін», – дейді Алтай Айнабек.
Сондай-ақ, өнертапқыш экологиялық апат аймағына айналған Арал теңізіне жаңбыр жаудырып, су көлемін арттыруға болатынын хабарлады.
«Жауын деңгейін көбейтіп, нәтижеге көз жеткізген соң 100 шақты дронмен қосымша жасақтаймыз. Қазір 3 министрлік, 2 институттан жұмыс тобы құрылып жатыр. Аралға ылғал тартып, оны конденсаттауға ықпал жасасақ, онда Орталық Азия елдері келешекте су қауіпсіздігіне алаңдамаса да болады. Біз жауын шашын деңгейін кемінде 100 пайызға көтеруді жоспарлап отырмыз. Соңғы жылдары Аралға тіпті су келіп жатқан жоқ. Біздің есебімізше, бір жылда оған кемі 8-15 шаршы шақырым су құйылуы тиіс. Бұл 4 «Шардара» су қоймасының көлемімен бірдей», – деді ол.