Жаңалықтар
«Жастар адасып жүр, сақалды спортшылардың көбейгені алаңдатады» – Бақтияр Артаев
Фото: ашық дереккөз
Олимпиада ойындарының чемпионы Бақтияр Артаев ASSYLTAS TV Youtube арнасына берген сұқбатында ұлттық құндылықтарымыз жайлы толғанып, отандық спорттан қазақы қасиеттің алыстап бара жатқанын айтты. Сонымен қатар спортшыларымыз сақал да қойғанына ашынды, деп хабарлайды qandastar.kz Alash.KZ ұлттық порталына сілтеме жасап.
Олимпиада ойындарының чемпионы жастардың қазір адасып жүргенін айтты:
«Кезінде ата-бабаларымыз «Аруақ!» деп жауға шапқан. Қазір оны бір күнде жойып жіберді. Мені сақалды жігіттер сөгетін шығар, бірақ бұл болған дүние ғой. Батырларымыз аруақтардың басына барып сыйынбаған, керісінше Құран бағыштаған. Мен олимпиадаға барар кезде Қожа Ахмет Йассауи, Баба түкті Шашты Әзіз. Қарахан, Айша бибі, бәрін аралап, Құран бағыштадым. Қазақта: «Өлі разы болмай, тірі байымайды»,—деген жақсы сөз бар. Оның бәрі жайдан-жай алынбаған. Өкінішке қарай, соңғы кездері жастарымыз сәл шатасып, барлық нәрсені бұрмалап жатыр. Салт-дәстүрмен келе жатқан дүниелерді жоғалтпауымыз керек»,—деді боксшы.
Кейін сақалды жігіттерге қатысты пікір білдірді:
«Біз еліктегіш халықпыз қой. Соның арқасында спортшыларымыз сақал да қойды. Бұрын сұқбат бергенде де айтып едім. Менің ойымша, өз-өзін дәлелдей алмаған жігіттер сақал қойып, осылай өздерін дәлелдегісі келетін сияқты. Спортшыларымызға бұл салада режим керек деп жиі айтамын. Алланың өзі еңбек етсең, беремін дейді. Талаптанбасаң, еңбектенбесең, азаннан кешке дейін намаз оқып, дайындығыңды жасамасаң, Алла саған қалай береді? Он екі мүшең сау, жаттығу залына барар мүмкіндігің болса, онда әрекет ету керек. Құдайдан тіле, алайда іс-әрекет сенен болуы тиіс. Спорт — қысқа ғана ғұмыр. Мүмкін 4 жылға, мүмкін 8 жылға созылады. Біреулер тіпті ұлттық құрама сапына қосыла алмай кетеді. Сол үшін мүмкіндік берілді ме, оны толығымен спортқа арна. Жүрегің таза болса, Алла сені ешқашан тозаққа апарып тықпайды. Жүрегің таза болса, спорттан кейін бес уақыт намазыңды оқы, қажылыққа бар, ата-анаңа қызмет жаса. Бірақ спорттық мансабыңды аяқта. Спортта жүрген кезде таңертең, түнде тұрып, ұйқың қанбай, өз-өзіңді қинай беретін болсаң, бұл салада ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмайсың»,—деді Бақтияр Артаев.