Жаңалықтар

«Жастар келмесе, тоқтаймыз»: Уәлибек Әбдірайымов «Шаншардың» болашағына алаңдап отыр

Фото: Әлеуметтік желі

Танымал әзілкеш әрі «Шаншар» театрының жетекшісі Уәлибек Әбдірайымов ұжымның алдағы жоспары мен болашағына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ол AIRAN бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды qandastar.kz.

Актердің айтуынша, театрдың болашағы жастардың қызығушылығына тікелей байланысты. Егер жаңа буын өнерге келмесе, «Шаншар» өз жұмысын тоқтатуы да мүмкін.

«Иә, егер жастар келмесе, жабылуы мүмкін. Біз жиырма жылдықта тоқтаймыз деп ойладық. Кейін жиырма бес жылдықты, одан соң отыз жылдықты атап өттік. Сахнада: «Қояйық деп жүрміз, бірақ сіздер қойдырмай жатырсыздар» деген едім. Көрермен азайса, әрине, қоямыз. Бірақ ренішіміз жоқ — көрерменге де, уақытқа да», – деді Әбдірайымов.

Өнер майталманы сондай-ақ, кейде өздерінің де ұмыт қалуы мүмкін екенін жасырмады.

«Кейбір әріптестерім: «Қазақ өнерінде «Тамаша» секілді тарихта қалдыңыздар» дейді. Бірақ ұмыт қалуымыз да мүмкін ғой. Уақыт бәрін өзгертеді», – деп қосты ол.

Уәлибек Әбдірайымов бастаған «Шаншар» театры қазақ эстранасындағы ең танымал әзіл ұжымдарының бірі саналады. Коллектив биыл өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтті.

Back to top button