2024 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, қазақстандық боксшы Назым Қызайбай Instagram парақшасында ашық әрі шынайы жазба жариялап, медальға дейінгі ауыр жолы мен әр кезеңде қатар жүрген күмән мен сенімсіздік туралы айтты, деп жазады qandastar.kz.
32 жастағы спортшы Олимпиада ойындарынан түскен суретін бөлісіп, лицензиялық турнир алдында жиі «уақытың өтті» деген сөздерді естігенін мойындады.
«Бүгін бір сәтке өткенге оралдым…
Олимпиададағы сол күн, сол сезім, сол эмоциялар.
Қаншама жол, қаншама сынақ артта қалғанын осы суретке қарап тағы бір мәрте сезіндім…
Бұл сурет — жай ғана қола медаль емес.
Бұл — сенімсіздікке, сөзге, күмәнге берілмей өткен жолдың дәлелі.
Лицензиялық турнирге дейін көп адам «жасың өтіп кетті» деді.
Ал менің арманым үшін қаншама еңбек етіп жүргенімді ешкім білмейді…», — деді Қызайбай.
Сондай-ақ ол хейтке де тап болғанын атап өтті. Көпшілік оған сәтсіздік болатынын, Олимпиадаға лицензия ала алмайтынын, тіпті жолдама алған күннің өзінде алғашқы жекпе-жекте-ақ жеңіліп қалатынын болжаған.
«Көп адам сенбеді.
Бірақ мен өзіме сендім.
Айналадағы сөз маңызды емес. Жүрегіңді тыңда.
Сені сынай ма, төмендетеді ме — өз жолыңнан тайма», — деп түйіндеді спортшы.


