
Қазақстандық режиссер Айтөре Жолдасқали түсірген «Ауру» фильмі 13 қарашада үлкен прокатқа шығып, қоғамда қызу талқылау тудырды, деп жазады qandastar.kz
Премьерадан кейін фильмге қатысты жас санаты қайта қаралып, мәдениет министрлігінің шешімімен картинаға 21+ шектеуі қойылды, сондай-ақ фильмді тек 22:00-ден кейін көрсету бекітілді.
Фильмнің сюжеті өздерін онкологиялық науқас ретінде таныстырып, халықтан жалған «сбор» арқылы ақша жинаумен айналысатын ерлі-зайыптылардың әрекеттерін суреттейді. Қоғамда жиі кездесетін алаяқтықтың бұл түрін ашық көрсету көрермен арасында екі түрлі пікір тудырды: бірі фильм әлеуметтік проблемаға тікелей назар аударады десе, енді бірі кадрлардың тым ауыр екенін алға тартуда.
Фильмді алғашқылардың бірі болып көрген фейсбук қолданушысы Нұрбол Бакиров өзінің әсерімен бөлісті. Оның айтуынша, фильмнің көрсетілім уақыты соңғы сәтте өзгеріп, тек 22:00-ден кейін рұқсат етілген. Дегенмен зал лық толы болыпты.
Бакиров фильмнің атмосферасы тым ауыр екенін атап, қан көп әрі ашық көрсетілетінін, бұл көрерменге психологиялық тұрғыда қиындық тудыруы мүмкін екенін жеткізді.
Ол әсіресе әлсіз жүйкелі адамдардың мұндай фильмнен теріс әсер алуы ықтимал екенін айтып, алаяқтықтың түрлі амалдары көрініс табатынын сынға алды.
«Ешкімге, әсіресе балаларға көруге кеңес бермеймін», — деп қорытындылады пікірін ол.
