Әлеумет және қоғам
Желіде Айсұлтан Назарбаевтың Трампқа қатысты пікірі қызу талқыланып жатыр

Фото: ашық дереккөз
Желіде Айсұлтан Назарбаевтың Трампқа қатысты пікірі қызу талқыланып жатыр, деп жазды qandastar.kz
Ақ үй басшысының іс-әрекеті күн өткен сайын түсініксіз болып барады. Күні кеше Украина президенті Зеленскийді «клоун» деп келемеждеген Трамп Мәскеудің үгіт-насихатына арбалып қалған әсер қалдыруда.
Осы тұста желідегі жұрт марқұм Айсұлтан Назарбаевтың осыдан төрт жыл бұрынғы жазбасын архивтен аршып алып, қызу талқылау үстінде.
Әшкере телеграм арнасы хабарлағандай, өмірден өтер алдында Назарбаевтың жиенінде көріпкелдік қасиет пайда боп, қазіргі уақытта шындыққа айналып жатқан бірқатар жорамал жасаған. Оның «Қазақстанда мұздай қаруланған 400 салафит бар» деген жазбасы Қаңтар кезінде ішінара расталған еді. Кешелі бері Айсұлтанның Трампқа қатысты тұспалы қолдан-қолға, ауыздан-ауызға тарап жатыр. «Жалғыз да хақ Құдай осы күндері АҚШ-та болып жатқан жағдайды жеткізуімді сұрайды. Бұл бір қорқынышты сот, әрі ол тек бастамасы ғана… Бұл – жалғыз да хақ Құдайдың АҚШ-қа төккен қаһары, кезінде Араб көктемі аясында ұйымдастырылған төңкерістердің өтеуі. Ирак, Ливия, Мысыр, Түнис секілді елдерге күшпен килігу салдарынан қаншама жазықсыз жан қырылды», – деген еді ол. Айсұлтан атышулы Трамптың билікке қайтып ораларын да дәл болжаған.
«Трамп екінші рет президент болып сайланады, сөйтіп «Әмірикада демократия жоқ» екенін, бұған қатысты әңгіменің бәрі жалған екенін әшкерелеп береді. Ол жақта бәрін шешетін ақша! Олар халыққа демократия деген иллюзияны сіңіріп, оны бүкіл әлемге тықпалауға тырысады. Әлгі Трамп АҚШ тарихындағы ең соңғы президент болады. 2024 жылы Әміриканы Антихрист (ісламдағы Тажал) жаулап алады. Құдіретті держава гүрс етіп құлаған кезде, күллі әлем есеңгіреп қалады», – деген еді Назарбаевтың жиені.
Айсұлтанның денесі 2020 жылы 16 тамызда Лондон саябағынан табылған.
Марқұм қайтыс боларынан бұрын бірқатар әулет өкілдеріне шүйлігіп, оларды «жемқор», «ашкөз» деп айыптаған еді.