Әлеумет және қоғамСараптама

Желіде пікірталас туды: Toyota неге қымбаттап кетті?

Threads әлеуметтік желісінде Қазақстандағы қолданыстағы көліктердің бағасына қатысты талқылау қайта қызды. Бұл жолы басты назарда – Toyota Camry XV40 және XV50 модельдері, деп жазды qandastar.kz

Желі қолданушылары жариялаған хабарландырулардың скриншоттары астында ондаған пікір қалдырылған. Автордың айтуынша, бүгінде 11 миллион теңгеге бағаланған “Камрилер” бірнеше жыл бұрын екі есе арзан тұрған.

«Көпшілігі әлдеқашан қытай қосалқы бөлшектеріне ауысқан. Онда салоннан жаңа қытай көлігін алған әлдеқайда тиімді – тіпті қалғанына бір жылдық жанармай шығынын жапсаң да», – деп жазды ол.

Талқылау барысында қолданушылар «Камри – мәңгі классика ма, әлде өткеннің көлігі ме?» деген сұрақ төңірегінде пікір таластырды. Кейбіреулер бұл модельдің қазіргі бағасы экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін айтты.

«10-11 миллион теңгеге жаңа седан немесе гибридті кроссовер алуға болады. 300 мың шақырым жүрген көлікке сонша ақша төлеу қисынсыз», – деп жазды бір қолданушы.

Бұрын қытайлық маркаларға сенімсіз қараған жүргізушілер де қазір өз көзқарасын өзгертіп жатқанын мойындайды.

«Жаңа көлікті алған соң бәрін білесің – қайда, қашан, қандай бөлшекпен жөнделген, – дейді тағы бірі.

Кейбір бұрынғы Toyota иелері де қазіргі таңда қытай брендтеріне бет бұрған.

«Бұрын классикалық “тойоташыл” едім. Бірақ BYD Song Plus гибридін мініп көріп, тиімді балама бар екенін түсіндім», – деп бөлісті автолюбитель.

Пікірталасқа қатысушылардың бір бөлігі көліктердің қымбаттауын утилизациялық алым мен алыпсатарлық сұраныспен байланыстырады. Басқалары сатушылар әдейі бағаны көтеріп, тапшылық әсерін тудырып отыр деп есептейді.

«Бағаны әдейі асырып қояды, кейін “жеңілдік” жасайды. Бірақ шын мәнінде бәрібір қымбат», – деп жазды бір комментатор.

Көпшілік Camry көлігінің қолжетімді болған кезеңін еске алды.

«Camry 50-нің жаңа нұсқасы салонда 5–6 миллион теңге тұратын еді», – дейді бірі. «2017 жылы өзімдікін 3,8 миллионға сатқанмын, сол кезде бұл тіпті нарықтан сәл жоғары баға болатын», – деп қосты тағы бір желі қолданушысы.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button