
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқару құрамын күшейту мақсатында бірқатар кадрлық өзгерістер жасағанын мәлімдеді. Соның аясында Асан Үмбетов «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-нің Бас директоры (Басқарма төрағасы) болып тағайындалды, деп жазды qandastar.kz
Ресми ақпаратта көрсетілгендей, Үмбетовпен қатар, Владимир Петров, Сәкен Рахметов, Марат Шәкенов, Дияр Нүсіпқожанов және Александр Ширяев сияқты тәжірибелі мамандар да компанияның басшылық қызметтерін иеленген.
Компания мәлімдемесінде бұл тағайындаулардың мақсаты – теміржол саласындағы сараптамалық қабілетті арттыру екені айтылған. Жаңа басшылардың барлығы теміржол саласында ұзақ жыл еңбек етіп, еліміздің көлік инфрақұрылымын дамытуға үлес қосқан мамандар ретінде танылған.
«Олардың стратегиялық ойлау қабілеті мен нақты нәтижеге бағытталған тәжірибесі – компания алдында тұрған маңызды міндеттерді орындауға сеп болмақ», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, Асан Үмбетовтің есімі бұған дейін, 2025 жылдың шілде айында әлеуметтік желілерде тараған бейнежазба арқылы көпшілікке таныс болған еді.



