Жаңалықтар
Желідегі жазбаға лүпіл баспаған қызметкерлер қудаланған: Шымкентте жастар орталығынан дау шықты

Фото: Facebook Азат Дидарбек
Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының басшылығы қызметкерлерге әлеуметтік желідегі жазбаға лүпіл баспағаны үшін ескерту жасаған, деп жазды qandastar.kz
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақпаратты Facebook әлеуметтік желісінің қолданушысы Азат Дидарбек хабарлады. Оның мәліметінше, Жастар орталығы өз қызметкерлерін қудалап, лүпіл баспағандарды қысымға алып жатыр.
“Жастар орталығы қаламыздың жастар мәселесін шешеді дегенге сенбейтін едік. Енді лүпіл басқан-баспаған қызметкерлерін тізіп, тексеріп, “ескерту” жасап, жұмыс істеуіне кедергі келтіріп жатыр екен. Осындай қысым көре берген орталық қызметкерінің мазасы қашып, құлап, жедел жәрдем шақырған. Алғашқы медициналық көмекке жүгінуіне тура келген”, – деп жазды ол.
Фото: Facebook Азат Дидарбек
Желі қолданушысы ұжым басшысының қала жастарын бірлікте ұстайтынына күмәнім бар дейді.
“Бұлай жалғаса берсе, арты жақсы болмайтыны анық! Жастардың мәселесімен емес, мәселе көтерген жастармен айналысатын орталықтың басшысы қызметін асыра пайдаланып жүр ме? Құрметті, Ғабит Әбдімәжитұлы, жастар орталығына бір назар аударып қойсаңыз игі”, – деп жазды ол.
Фото: Facebook Азат Дидарбек
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасынан мән-жайды сұрап білді.
Басқарма басшысы Айгерім Жұмағұлова жағдайды бақылауда ұстап отырғанын хабарлады.
«Ұжымды ұйытқыда ұстай алмайтын басшы қала жастарын бірлікте ұстайтынына күмәніміз бар! Алаңдап, сілтеме жіберіп отырғандарыңызға рақмет! Бірақ әрі қарай жіберудің қажеті жоқ. Жағдай алғаш жарияланған сәттен бастап хабардармын. Өзіме жұмыс жоспарын белгіледім. Жағдай бойынша шешім әділ және обьективті түрде қабылданады», – деді ол.
Скрин: Instagram Айгерім Жұмағұлова
Айта кетейік, бұған дейін Шымкенттегі Тұран шағын ауданында 6 жасар бала ашық жатқан кәріз шұңқырына құлап, ажал құшқан еді. Қазір бұл іске қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.
Ал үш жылдан бері Қаратау ауданын басқарып келген Рақымберді Мүлкеманов осы жағдайға қатысты қызметінен кетті. Басқарма басшысы мен осы салаға жетекшілік ететін қала әкімінің орынбасары Қуаныш Асыловқа қатаң сөгіс жарияланды.