ЖаңалықтарҚаржы және төлемдер

Жеңілдетілген декларация: кәсіпкерлер нені білуі керек?

2026 жылдан бастап Қазақстанда кәсіпкерлер үшін жаңа салық режимдері күшіне енді. Алайда, оларды қалай пайдалану керек екенін көпшілік әлі толық түсіне бермейді. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап елде екі негізгі формат қолданыла бастады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режимі және жеңілдетілген декларация, деп жазады qandastar.kz сайты El.kz-ке сілтеме жасап.

Жаңа тәртіптің мақсаты – шағын табыспен күн көріп отырған азаматтарға салықтық жүктемені азайтып, заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік беру. Дегенмен талаптары мен шектеулерін білмеген жағдайда кәсіпкерлер айыппұл арқалауы мүмкін.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режимі ең алдымен жеке еңбегімен табыс тауып жүрген азаматтарға арналған.

Кімдерге қолайлы:

  • Пәтерін жалға беретін азаматтар (ай сайынғы табысы 300 АЕК-тен аспауы керек, шамамен 1,3 млн теңге);
  • Такси жүргізушілері мен курьерлер;
  • Сұлулық саласының мамандары (шаштараз, визажист, косметолог);
  • Фотографтар, репетиторлар, аудармашылар;
  • Ветеринарлар мен өзге де жеке қызмет көрсететін мамандар.

Негізгі шарттар:

  • Ай сайынғы табыс 300 АЕК-тен аспауы тиіс;
  • Тек рұқсат етілген қызмет түрлерімен айналысу қажет;
  • Қызметкер жалдауға тыйым салынады;
  • Жеке табыс салығы (ЖТС) – 0%;
  • Тек 4% көлемінде әлеуметтік аударымдар төленеді.

Тіркелу процесі барынша жеңілдетілген және толықтай онлайн жүргізіледі:

  • E-Salyq Business мобильді қосымшасын жүктеу;
  • eGov Mobile арқылы ЖСН көмегімен кіру;
  • «Өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам ретінде жалғастыру» режимін таңдау;
  • Қызмет түрін көрсету;
  • Әр көрсетілген қызмет үшін чек шығару.

Маңызды жайт – қосымшада шығарылған алғашқы чек өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамның жұмысын бастаған күні ретінде тіркеледі.

  • Бұрын патентпен немесе арнайы қосымшалар арқылы жұмыс істегендер, егер қарызы болмаса, 28 ақпанға дейін жеке кәсіпкерлігін жабуы тиіс;
  • Қаңтардың алғашқы 10 күнінде 66 мың қазақстандық өзін-өзі жұмыспен қамтыған мәртебесін алған;
  • Бұл режимде жұмыс істейтіндер табысты міндетті түрде чек арқылы тіркеуі қажет.

Банктердегі арнайы шоттарға қатысты мәселе

Жаңа режим аясында арнайы банктік шоттар енгізілуі тиіс болғанымен, бұл процесс әлі толық жолға қойылған жоқ:

  • Арнайы шоттар туралы қаулы тек 11 қаңтарда күшіне енді;
  • Сондықтан банктердің барлығы бірдей техникалық тұрғыда дайын емес;
  • Kaspi Bank пен Halyk Bank жақын арада қосымша арқылы арнайы шот ашу мүмкіндігін іске қосуды жоспарлап отыр;
  • Ұлттық банк уақытша кәдімгі жеке шоттарды кәсіпкерлік қызмет үшін қолдануға рұқсат берді, тек тағайындалуын көрсету қажет;
  • Сарапшылар бұл кезеңде қолма-қол есеп айырысуды немесе жеке картаны пайдаланып, барлық табыс есебін мұқият сақтауға кеңес береді.

Жеңілдетілген декларация режимі табысы жоғары кәсіпкерлерге арналған.

Кімдер пайдалана алады:

  • Қымбат жылжымайтын мүлікті жалға берушілер;
  • Қойма, паркинг иелері;
  • Жылдық табысы 600 000 АЕК-ке дейін (шамамен 2,6 млрд теңге) жететін кәсіпкерлер.

Мамандар кәсіпкерлерге өз қызмет түрі мен табыс көлемін нақты бағалап, салық режимін мұқият таңдауға кеңес береді. Сонымен қатар банктердің техникалық дайындығын бақылап, E-Salyq Business қосымшасын негізгі құрал ретінде пайдалану маңызды.

Жаңа салық жүйесі дұрыс қолданылған жағдайда көлеңкелі табысты азайтып, шағын кәсіп иелеріне заңды әрі ыңғайлы жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – талаптарды білу және уақытында әрекет ету.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button