
фото: instagram.com/jenis_qasymbek
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек әлем чемпионатында топ жарған спортшыларды қабылдап, оларға 30 миллион теңгенің сертификатын табыс етті, деп хабарлайды qandastar.kz
Айта кетейік, спортшылар Ливерпульде (Ұлыбритания) өткен 2025 жылғы бокстан әлем чемпионатында алтын медальдар жеңіп алып, Қазақстан құрамасының жалпыкомандалық бірінші орын иеленуіне үлес қосты.
Жеңіс Қасымбек бұл жеңістерді ерекше атап өтіп, спортшыларды шын жүректен құттықтады. Оның айтуынша, мұндай жетістіктер ел спортының деңгейін көтеріп қана қоймай, жастарға үлгі болады.
«Санжар Тәшкенбай екі дүркін әлем чемпионы атанды. Ол 2023 жылы 19 жасында 48 келі салмақ дәрежесінде жеңіске жетсе, биыл Ливерпульде 50 келіде бұл жетістігін қайталады. Ал Айбек Оралбай Қазақстан тарихында алғаш рет суперауыр салмақта әлем чемпионы атанды. Бұл – үлкен тарихи жеңіс», – деді қала әкімі.
Қала әкімінің айтуынша, елордалық спортшылардың табысына бапкерлердің де еңбегі зор. Сондай-ақ ол қалада спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты.
«Астанада боксты дамыту орталығы жұмыс істейді, биыл Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені пайдалануға берілді. Бұл спортшыларға үлкен серпін береді. Алдағы уақытта да жаңа табыстарға жете берулеріңізге тілектеспін», – деді Жеңіс Қасымбек.