Жаңалықтар

Жерге кеткен миллиондар – Арысқа жақын алқапта қарбыз шашылып жатыр

Фото: Видео кадры

Белгілі шығыстанушы, «Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторы Санжар Керімбай өзінің туған ауылының кіреберісіндегі алқапта қарбыздың еш кәдеге жарамай, текке шашылып жатқанына қынжылыс білдіріп, шаруаларды осындай күйге жеткізген жергілікті билікті кінәлады, деп хабарлайды qandastar.kz Ulysmedia.kz сілтеме жасап хабарлайды. 

С.Керімбай видеода айтқандай ауылы Түркістан облысында, Арыс пен Шәуілдірге барар үлкен жолдың бойында орналасқан.

Ауылды жағалай жатқан атшаптырым алқапта алып қарбыздардың жиналмай, түкке жарамсыз рәсуа болып жатқаны көрінеді.

“Мына жатқан – бұл жақтың тілімен айтқанда дарбыз, кітаптың тілімен айтсақ – қарбыз. Бұл қарбыздың бәрі нарықтың реттелмеуіне байланысты сатылмай қалып, тиынға ғана бағаланып қалған. Сөйтіп диқандар банкротқа ұшырады. Амалсыздан тастап кеткен, оны не мал жемейді, не адам керек қылып жатқан жоқ”, деген видео авторы мұны жерге текке шашылған миллиондарға бағалады.

Айтуынша, ұшы-қиыры көрінбейтін алқап Арысқа дейін созылып жатқан көрінеді.

Десе де бұл алқаптың неліктен жиналмай қалғаны белгісіз. Видео авторы да оны ашып айтпады.

“Кім біледі, бәлкім Ресей-Украина соғысы әсер етті ме екен? Анығын бір Алла біледі. Бірақ енді диқандарға обал болғаны анық. Ешқандай механизм мұны реттей алмаған,” – дейді С.Керімбай.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close