Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Жергілікті өңірлердің республикалық бюджетке тәуелділігі 2028 жылы 34%-ға дейін азаяды — Бектенов

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов ел экономикасын күшейтуге бағытталған реформалардың іске асу барысы туралы есеп берді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкімет басшысы Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Қазақстан халқына Жолдауда айқындалған стратегиялық мақсаттарға сай 2025 жылы құрылымдық өзгерістерге негізделген кешенді шаралар қабылданғанын атап өтті.

Бұл реформалар салық, тариф, бюджет саясаты, цифрландыру, құрылыс және әлеуметтік салаларды қамтып, экономиканың ішкі теңгерімсіздіктерін жоюға бағытталған.

«Салық және бюджет реформаларының нәтижесінде Ұлттық қордан нысаналы трансферттерге тәуелді болмай-ақ үш жылдық бюджет қалыптастыру мүмкін болды. Бұл 2028 жылға қарай бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің 0,9%-ына дейін төмендетуге жол ашады. Ал жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі 2025 жылғы 50%-дан 2028 жылы 34%-ға дейін азаяды», – деді Олжас Бектенов.

Үкімет жүзеге асырған өзгерістердің нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасында тұрақты өсім сақталды. Құндық көрсеткішпен жалпы ішкі өнімнің өсімі 20,1 млрд АҚШ долларын құрады.

Жалпы алғанда, 2025 жылы ЖІӨ өсімі 6,5%-ға жетіп, негізгі салалардың қарқынды дамуы экономикалық серпінді қамтамасыз етті. Атап айтқанда, көлік саласы – 17,8%, құрылыс – 14,6%, тау-кен өнеркәсібі – 17,4%, өңдеу өнеркәсібі – 12,2%, сауда – 26%, ал ауыл шаруашылығы – 5,9% өсім көрсетті.

Үкіметтің мәліметінше, бұл көрсеткіштер жүргізілген реформалардың нақты нәтижесін көрсетіп, Қазақстан экономикасының ұзақмерзімді тұрақты дамуына берік негіз қалыптастырып отыр.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button