
Жерорта теңізінің көгілдір жағалауында, Мерсин провинциясының Гюльнар атты аймағында бүгінгі заманның ең ауқымды инженерлік жобаларының бірі – «Аккую» атом электр станциясы бой көтеріп келеді. Бұл жоба – Түркия мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің айқын көрінісі ғана емес, сондай-ақ жаңа энергетикалық кезеңнің бастауын айшықтаған бетбұрысты нысан, деп хабарлайды qandastar.kz
Атом энергетикасы саласына алғаш қадам басқан Түркия үшін «Аккую» – бүтін бір технологиялық мектеп, жаңа буын мамандарын тәрбиелейтін алып лаборатория іспетті. Көп жылдар бойы мұнай, газ және көмір импортына тәуелді болып келген Түркия үшін атом энергетикасының дамуы – стратегиялық міндет. «Аккую» іске қосылғанда елдің электр энергиясына деген сұранысының шамамен 10 пайызын бір өзі өтей алады.
Жобада қуаты 1200 МВт болатын төрт ВВЭР-1200 реакторы қарастырылған. Жалпы қуаттылығы 4800 МВт болатын бұл станция жылына 35 миллиард киловатт-сағат энергия өндіреді. Мұның өзі 15 миллион тұрғынды жарықпен қамтамасыз етуге жеткілікті. III+ буынға жататын ВВЭР-1200 реакторлары бүгінде әлемдегі ең қауіпсіз технологиялардың қатарында. Қос қабатты қорғаныс, пассивті қауіпсіздік жүйелері, автоматтандырылған басқару – бәрі де халықаралық талаптарға сай. Ядролық жанармайдың энергиясы да ерекше: бір ғана жылу бөлетін жинақ шамамен 700 вагон көмірдің қуатына тең.
«Аккую» тек энергетикалық нысан ғана емес, ол тұтас инфрақұрылымдық экожүйе. Арнайы салынған «Шығыс» жүк порты арқылы реактор корпустары мен ірі жабдықтар жеткізіледі. Құрылыста 350-ден астам компания, оның ішінде Түркияның өзінен шыққан ондаған мердігер еңбек етуде. Бүгінде алаңда 34 мыңнан астам жұмысшы мен инженер жұмыс істейді. Жобаның дәлдігі ISO және OHSAS стандарттарына сәйкес қатаң бақыланады.
Бұл жобаға Қазақстаннан да елеулі үлес қосылуда: алаңда тұрақты түрде 1200-ге жуық қазақстандық маман жұмыс істейді. Тағы 500–800 инженер мен дәнекерлеуші вахталық әдіспен келеді. Ядролық энергетика – ұлттарды бір мақсатқа біріктіретін сала екенінің дәлелі осы.
Силифке Сауда-өнеркәсіп палатасы деректеріне сүйенсек, станция құрылысы басталғаннан бергі уақытта өңір экономикасы 40-50 пайызға өсті. 1600-ге жуық жаңа кәсіпорын тіркелді. Тұрғын үйлер көптеп салынып, халық саны артты. Қызмет көрсету саласы, жол құрылысы, ауыл шаруашылығы айтарлықтай жанданды. Цитрус өсірушілер мен фермерлер өнімге деген сұраныстың күрт өскенін айтады. Жергілікті кәсіпорындардың бірі – Solagron компаниясы – алдағы жылдары өндірісін ұлғайтып, экспорт көлемін арттыруды жоспарлап отыр.
«Аккую» АЭС-інің табысы елдегі екінші – «Синоп» АЭС-ін және Фракиядағы үшінші станцияны жоспарлау жұмыстарының басталуына жол ашқан. Түркия енді ядролық инженериясы, дайын инфрақұрылымы және тәжірибесі бар мемлекеттердің қатарына қосылды. Бұл – болашаққа салынған инвестиция, ұлттық экономиканың ұзақ мерзімді тұрақтылығының кепілі.
«Аккую» атом электр станциясы – бүгінгі Түркияның ғана емес, бүкіл өңірдің энергетикалық болашағына әсер ететін стратегиялық нысан. Ол елдің энергияға тәуелділігін азайтып, көміртек шығарындыларын төмендетіп, жаңа жұмыс орындарын ашып отыр.
Жерорта теңізінің жағалауында бой көтерген бұл инженерлік ғажайып – халықаралық ынтымақтастықтың, ғылым мен еңбектің, заманауи технологияның тоғысқан жері. «Аккую» – жаңа дәуірдің шуағын әкелген үлкен бастама.



