Алматыда жұмыс істейтін дәрігер қабылдауына келген жас жұбайлардың жағдайын айтып, көпшілікті дүр сілкіндірді, деп хабарлайды qandastar.kz. Оның сөзінше, бірнеше жыл бойы бала сүйе алмай қиналған ерлі-зайыптылардың тағдырының себебі күтпеген жерден анықталған.
Дәрігердің айтуынша, жұптың бес жүктілігінің тек біреуі ғана дүниеге келумен аяқталған, ал туған балаға өте ауыр генетикалық дерт диагноз қойылған. Қалған төрт жүктілік түсік және жатырішілік шетінеу жағдайлары болған. Ең таңқаларлығы – ерлі-зайыптылар бірнеше мәрте толық медициналық тексеруден өтіп, барлық анализдері сау болып шыққан.
Психологиялық терең сессия барысында ғана олардың бір-біріне туыс екені белгілі болды. Жұптың екеуі де үшінші аталарынан бастап бір шежіреден тарайтыны анықталған. Өзімен-өзі үйлесімді көрінген отбасының қиындықтарының түп себебі дәл осы туыстық жақындығы болып шыққан.
Маманның айтуынша, соңғы кезде «бір рудан болсақ та, ештеңе етпейді» деген түсінік жиілеп кеткен. Алайда мәселе ру атауында емес, нақты туыстық деңгейінде жатыр.
Қазақ халқында қатаң сақталған жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі бекер емес. Бұл – ғасырлар бойы ұлттың генетикалық тазалығын қорғайтын ереже. Туыстық арасы жақын адамдардың некесі тұқым қуалайтын аурулардың пайда болу ықтималдығын бірнеше есе арттырады. Ер мен әйелдің екеуі де гендік мутацияны тасымалдаушы болған жағдайда, бала денсаулығы өте қатты зардап шегуі мүмкін.
Дәрігердің айтуынша, қазақ арасында генетикалық аурулардың сирек болуына да жеті ата қағидасының берік сақталуы себеп болған. Ал қазіргі таңда бұл дәстүрге салғырт қарау көбейіп, тұқым қуалайтын аурулардың саны артқаны байқалады.
Маман жастарды отбасы құру алдында шежірені міндетті түрде зерттеуге, ата-текті анықтауға шақырды. Бұл – тек елдік дәстүр емес, болашақ ұрпақтың денсаулығын сақтауға арналған маңызды ұстаным.



