Астана қаласы нағыз халықаралық кино өндірісінің алаңына айналды. Канадалық фантастикалық экшн-фильм «Альтер» жобасының бірқатар көрінісі елордада түсіріліп, отандық кино мамандары шетелдік командамен иық тірестіре еңбек етті. Солардың бірі – Бекзат Махамбет. Ол фильмнің қоюшы-суретшісі Дмитрий Маличтің Қазақстандағы реквизитор көмекшісі ретінде жұмыс істеп, кадр сыртындағы ең жауапты процестердің бел ортасында жүрді. Бұл туралы Qandastar.kz порталы Еl.kz танымдық сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фильмде басты рөлді «Гарри Поттер» сериясындағы Драко Малфой бейнесі арқылы танылған Том Фелтон сомдаса, актерлік құрамда «Тақтар ойынындағы» Түн патшасы рөлімен есте қалған Ричард Брейк те бар. Ал осы әлемдік жұлдыздармен бір алаңда жұмыс істеу Бекзат үшін жай ғана кәсіби міндет емес, үлкен өмірлік тәжірибе болған.
Бекзат Махамбет – Түркістан облысы Жетісай ауданының тумасы. Ол жеті жасында Астанаға көшіп келіп, осы қалада қалыптасып, кәсіби жолын бастаған. Жас маман Қазақ ұлттық өнер университетінде Кино және теледидар суретшісі мамандығы бойынша білім алады. Дәл осы салада мамандардың аздығы әрі кәсіби дипломының болуы шетелдіктердің назарын аударған.
Мамандығым бойынша кадр тапшы. Сол себепті жоғары білімі бар маман ретінде шетелдік студия тарапынан ұсыныс түсті, – дейді ол.
«Альтер» жобасындағы Бекзаттың жұмысы кадр сыртындағы аса маңызды детальдармен тікелей байланысты болды. Ол түсірілім барысындағы негізгі реквизиттерді табу, дайындау және сахнаға орналастыру ісіне жауап берген. Бұл оңай шаруа болмағаны анық.
Кадрда көрінетін реквизит қана емес, кадр сыртындағы қойылым элементтерін де әзірледік. Кейбір декорларды Мәскеу мен Санкт-Петербургтен екі фурамен алдырдық. Соның өзінде Астанада дайындық кезінде күн сайын бір газель көлігі реквизит тасып жүрді, – деп еске алады ол.
Шетелдік түсірілім тобының жұмыс стилі де Бекзатқа үлкен әсер қалдырған. Оның айтуынша, айырмашылық бірден сезіледі.
Нағыз кәсібилік. Әр адам өз ісіне шын берілген. Компьютерлік графика жағынан да өте мықты. Жұмыс процесі нақты жоспармен, секундтап ұйымдастырылған, – дейді маман.
Түсірілім алаңында әлемдік деңгейдегі актерлермен жұмыс істеуі де ұмытылмас сәттерге толы болған.
Бірде таң атпай сахна дайындап жатқанбыз. Сол кезде кабинетке аяқ астынан бір адам кіріп келді. Қарасам – Ричард Брейк. «Көмек керек пе?» деп сұрадым. Ол тыныш жер іздеп келгенін айтып, күлді. Кішкене танысып, суретке түстік. Өте қарапайым адам екен, – дейді Бекзат.
Мұндай сәттер күнде бола бермейді. Әдетте актерлерді арнайы адамдар күтіп, алып жүреді. Ал дәл осындай бейресми, адами қарым-қатынас түсірілімнің ерекше атмосферасын сездіртеді.
Фильмнің фантастикалық әлемін жасау үшін Астананың әртүрлі жерлері пайдаланылған. Сценарийге сай түсірілім алаңдары алдын ала бекітіліп, қаланың индустриялық әрі сәулеттік нысандары таңдалған. Ақжол жолы бойындағы ескі зауыттар, Бейбітшілік және келісім сарайы, EXPO-2017 аумағы, Тұңғыш президент музейі, Салтанат сарайы – бәрі экранда жаңа, тосын бейнеде көрініс тапқан.
Шетелден келген қонақтар Астананың сәулетіне қатты таңғалды. Қаламыздың келбеті фантастикалық фильмге өте жақсы үйлесті, – дейді Бекзат.
Реквизитке келсек, ең күрделі тапсырмалар антиутопиялық әлемге қатысты болған.
Сценарий бойынша адамдар биология мен химия арқылы күн көретін лабораториялық жылыжайлар жасалды. Әртүрлі колбаларда өсетін жеміс-жидек, көкөністерді дайындадық. Сонымен қатар сахналық қару-жарақ түрлерін де әзірледік, – дейді ол.
Бұл жоба Бекзаттың кәсіби жолында үлкен белес болды. Өз ісінің шебері бола тұра, ол шетелдік мамандармен тәжірибе алмасудың маңызын ерекше атап өтеді.
Өзге елдің қоюшы-суретшілерімен жұмыс істеу көзқарасыңды кеңейтеді. Ұсақ детальға дейін мән беруді үйренесің, – дейді ол.
Бекзаттың бұған дейін де тәжірибесі аз емес. Ол екінші курс студенті кезінде Хабар арнасының «Ембі – ел ырысы» сериалында еңбек етіп, Атырауда түсірілімге қатысқан. Кейін «Qazaqstan» телеарнасының «Қаныш. Қазына» телехикаясы, Atameken Business арнасының «Горизонт надежды» сериалы, алдағы уақытта көрерменге жол тартатын «Куәгер» фильмі – оның портфолиосындағы маңызды жобаларға айналды. Бұған қоса, түрлі клиптер, жарнамалық роликтер, телевизиялық анонстар да бар.
Қазір ол «Іңкәр» атты толықметражды драма фильмінде қоюшы-суретші ретінде жұмыс істеп жүр. Түсірілім Астанадан 60 шақырым жердегі Шортанды ауданында, жергілікті әкімдіктің қолдауымен мектеп ғимаратында өтіп жатыр.
Бекзаттың болашаққа құрған жоспары да көп.
2027 жылға қарай толықметражды ғылыми-фантастикалық фильм түсіру – басты арманым. Қазақ киносына жаңа тыныс, жаңа форма әкелгім келеді, – дейді Бекзат.



