Жетісу облыстық соты өз баласын аяусыз ұрып-соққан 28 жастағы әйелге қатысты үкім шығарды. Сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, әйел ақыл-есі кем болып, өз әрекетінің қауіптілігін түсінбеген. Сол себепті ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, мәжбүрлі түрде психиатриялық емдеуге жіберілді.
Оқиға бір ай бұрын Жаркент қаласында болған. Әлеуметтік желіде әйелдің баласын жылу батареясына байлап, ұрып-соққаны көрсетілген видео тараған. Бұл видеоны баланың әкесінің өтініші бойынша отбасының танысы телефонға түсірген. Кейін ер адам әйелін полицияға тапсырған. Екі бала Талдықорғандағы отбасыны қолдау орталығына орналастырылды.
Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, сараптама кезінде сотталушы өзінің іс-әрекетінің нақты сипаты мен қоғамға қауіпті екенін түсіне алмайтыны анықталған. Осыны ескере отырып, сот оны қылмыстық жауапкершіліктен босатып, мәжбүрлі психиатриялық емдеу шарасын тағайындады.
Сонымен қатар, Қамқоршылық және қорғаншылық органдары әйелді ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарастыруда.
Дереккөз: KTK
