Жаңалықтар

«Жігіттер, ренжімеңіздер»: прокурор Дәулет Шабанбайды 4 жылға түрмеге қамауды сұрады

Павлодар қаласында белгілі қазақстандық еркін күрес балуаны, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дәулет Шабанбайға қатысты резонансты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр, деп жазады qandastar.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Спортшы Ұлттық ұланның әскери қызметкерлеріне күш қолданды деген айыппен уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қылмыстық істер жөніндегі межрайондық сотта тараптардың жарыссөзі өтті. Айыптау тарапы Даулет Шабанбайды ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы («Билік өкілдеріне күш қолдану, екі немесе одан да көп адамға қатысты») бойынша кінәлі деп таныды.

Іс материалдарына сәйкес, биыл қыркүйек айында кешкі сағат тоғыз шамасында Ұлттық ұланның үш әскери қызметкерінен құралған патруль қаладағы кафелердің бірінің маңында Шабанбайды тоқтатқан. Бұған оның мас күйде шу шығарып, өзін агрессивті ұстады деген шағым себеп болған.

Әскери қызметкерлердің ескертуіне спортшы балағат сөздер айтып, кейін олардың бірін итеріп, наряд басшысын иығынан теуіп, бетінен ұрған. Тағы бір әскери қызметкердің көзіне соққы тиген. Көмекке келген патрульдер күдіктіні жерге жығып, қолына кісен салған.

Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы 42 жастағы спортшыны орташа қауіпсіздік мекемесінде 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Айыпталушының әрекеті билік өкілдеріне қарсы бағытталған және олардың қызметтік міндеттерін атқаруына кедергі келтірді. Сонымен қатар, ол өзінің физикалық артықшылығын пайдаланды. Әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру және мұндай қылмыстардың алдын алу үшін нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау қажет деп санаймын, – деді прокурор.

Қорғау тарапы бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады. Адвокат спортшының ел намысын қорғағанын, отбасы мен тұрақты жұмысы бар екенін, қылмыстың алдын ала жоспарланбағанын атап өтті.

Дәулет Шабанбай өз кінәсін толық мойындады, алайда жарыссөзде сөйлеуден бас тартты.

Мен тек кешірім сұрағым келеді. Жігіттер, ренжімеңіздер, – деді ол жәбірленушілерге қарата.

Еске салайық, аталған бап бойынша жаза 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыруды көздейді.

Дәулет Шабанбай еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының қола жүлдесін 2022 жылы, допинг дауына байланысты қарсыластары шеттетілгеннен кейін алған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button