Жаңалықтар
Жітіқарадағы 5 баланың өліміне не себеп болғаны айтылды
Фото: ТЖМ
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Жітіқара қаласында бір отбасының бес бірдей баласының ажалына себеп болған төтенше жағдайға түсінік берді, деп хабарлайды qandastar.kz
— Өкінішке қарай, бес бала қайтыс болды. Бұқаралық ақпарат құралдарында балалардың жалғыз, қараусыз қалғаны туралы хабарланды. Жалғыз тірі қалған үйдің үлкен баласы таңертең тұрып пешті жағуға тырысқан болуы керек. Ол пешке отынмен бірге ол тағы бір нәрсе салған, сол жарылысқа себебі болған. Қайғылы оқиғадан кейін бірден балалардың анасымен кездестім, бірнеше күн ішінде отбасыға екі бөлмелі пәтер сатып алынды, – деді Құмар Ақсақалов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беру барысында.
sn.kz жазғандай, әкімнің айтуынша, зардап шеккен отбасына қаржылай қолдау мен психологиялық көмек көрсетілді.
— Енді біз үшін мұндай жағдайдың қайталанбауы маңызды. Жылу маусымы алдында жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері мен өрт қызметі мамандары барлық үйді аралап түтін мұржасының, пештің жай-күйін тексеріп шықты. Жылу көздерін қалай дұрыс пайдалану керектігі туралы нұсқаулық берілді, – дейді ол.