Қазақстанда көлік инфрақұрылымын цифрландыру аясында жасанды интеллект негізіндегі бірқатар жоба іске қосылды. Жаңа технологиялар жолдардың жағдайын бақылауға, әуежайлардағы жолаушыларды тексеру уақытын қысқартуға және пойыздардың техникалық жағдайын автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Qandastar.kz хабарлады.
Жол саласында E-Joldar платформасы қолданылып жатыр. Жүйе жол жобалары мен жол жамылғысының жағдайына қатысты ақпаратты бір жерге жинап, инфрақұрылымды іс жүзінде нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект жолдағы ақауларды анықтап қана қоймай, қай учаскелерге жақын уақытта жөндеу қажет болуы мүмкін екенін де болжайды. Сонымен қатар жүйе азаматтардың өтініштерін талдап, проблемалы жол учаскелерін алдын ала анықтай алады.
Ұлттық жол активтері сапасы орталығының бас директоры Серік Имашевтің айтуынша, жыл соңына дейін елдегі барлық жол желісін цифрлық мониторингпен қамту жоспарланған. Қазір 185 мың жолдың 41 мыңы цифрландырылған. Сондай-ақ автомобиль жолдарын салу және реконструкциялау кезінде пайдаланылатын карьерлер мен асфальт-бетон зауыттары да цифрлық жүйеге енгізілген.
Әуежайдағы тексеру уақыты қысқарады
Авиация саласында жолаушыларды бақылау рәсімін жылдамдатуға арналған Q-Gate терминалдары енгізілуде. Жүйе жолаушының төлқұжаты мен бет-әлпетін биометриялық технология арқылы тексереді. Бақылау шамамен 15-50 секундқа созылады.
Әзірлеушілердің мәліметінше, бұрын 200 жолаушыны тексеруге шамамен 30 минут қажет болса, жаңа жүйе бұл уақытты 7 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Қазір Q-Gate 11 өткізу пунктінде жұмыс істеп тұр. Алдағы екі жылда тағы 198 терминал орнату жоспарланған.
Пойыздардың жағдайы автоматты түрде бақыланады
Теміржол саласында да цифрлық технологияларды қолдану кеңейіп келеді. Пойыздардың техникалық жағдайын автоматты түрде тексеруге арналған жүйелер енгізілуде.
Көлік министрлігінің мәліметінше, жылжымалы құрамды байланыссыз диагностикалауға арналған «Кинетикс» жүйесі қолданылып жатыр. Оның көмегімен станциялардағы техникалық тексеру уақыты 30 пайызға, ал қолмен жүргізілетін өлшеу жұмыстары 70 пайызға қысқарған.
Сонымен қатар пойыздарды басқаруды автоматтандыру үшін Trip Optimizer жүйесі пайдаланылады. Ол жол бейінін, пойыздың салмағын және белгіленген жылдамдық шектеулерін ескереді.
Алдағы үш жылда теміржол саласын цифрландыруды одан әрі дамыту жоспарланып отыр. Оның аясында 2 мың шақырымнан астам жаңа теміржол салу және транзит көлемін 77 млн тоннаға дейін арттыру көзделген.



