Жаңалықтар
Жолсеріктің жөнсіздігі: Жаңа адамдардың белсендісі пойызда алымсақтыққа тап болған

Фото: Жаңа адамдар
Жуырда №076ХА (Қызылорда–Петропавл) пойызында алымсақтыққа ұшыраған қыздың оқиғасы БАҚ-та жаппай жарияланған болатын. Пойыз жолсерігі қыздың аяғынан ұстап, қолынан тартып, вагоннан вагонға дейін соңынан аңдыған, тіпті «ұйықтатпайтынын» айтқан. Зардап шеккен қыз — Жаңа адамдар қозғалысының белсендісі болғандықтан, бұл оқиғаны бірден әлеуметтік желілерде әшкере етуді ұйғарғанын айтады, деп жазды qandastar.kz
Жаңа адамдардың «Тұмар» азаматтық науқанының мүшелері белсендімен сөйлесіп, атышулы оқиғаның егжей-тегжейін анықтады.
«Сапар барысында нысанаға ілінген жолсерік – 1992 жылы туған Жәнібек Әбдіқалықов болып шықты. Оқиға жария болғаннан кейін ол қызбен байланысқа шықты, алайда кешірім сұрап, кінәсін мойындаудың орнына қыздың оны «дұрыс түсінбегенін» айтып, ақталуға тырысты.
Бұл оқиғадағы ең қорқыныштысы – алымсақтық кезінде айналада ондаған адамның болғаны. Қыз көмек сұрағанда неліктен ешкім көмектеспеді? Неліктен жолсерік өзіне әлі де тым сенімді? Өйткені айналадағылар үнсіз қалуға әдеттенген. Терезеге, телефонға, әйтеуір басқа жаққа қараса – мәселені көрмесе болғаны. Ешкімге араласу тиімді емес. Қыздар тіпті айналасында ондаған жолаушылар бар пойызда да өзін қауіпсіз сезіне алмайтын жағдайға жетті.
Біз әрекетсіздік танытып, қылмыскерлердің өздерін қауіпсіз сезінуіне және қылмысты қайта-қайта жасауына жол береміз. Үнсіз қалу – зорлықты қалыпты нәрсеге айналдырып, ал бейжай болу – тойтарыс алып көрмегендер үшін артықшылық болып отыр», — дейді қозғалыс өкілдері.
Бұл орайда Жаңа адамдар қылмыстық алымсақтыққа ұшыраған барлық адамды болған жағдай туралы дереу полицияға хабар беруге шақырады.