Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

«Жомарт» кенішінде қауіпсіздік жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасуда

«Қазақмыс» корпорациясының Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі жұмыс сапарымен «Жомарт» кенішіне барып, өндірістік қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған бағдарламаның жүзеге асырылу барысын тексерді. Кеніште газды бақылау, желдету жүйесін жаңғырту, цифрлық мониторинг пен жерасты техникасын заманауи қауіпсіздік құралдарымен жабдықтау жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі жұмыс сапарымен «Жомарт» кенішіне барып, өндіріс барысы мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған кешенді бағдарламаның орындалуымен танысты. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Қазіргі таңда кеніште шамамен 1 200 адам еңбек етеді. Жыл сайын мұнда 3,8 миллион тоннадан астам кен өндіріледі. Сапар барысында компания басшысы бұрғылау және кен өндіру учаскелерін аралап, өндірістік процестердің ұйымдастырылуын, техникалардың жай-күйін және қауіпсіздік талаптарының сақталуын бағалады.

Қазақмыс

Кеніште ауа құрамын тәулік бойы бақылайтын стационарлық газ талдағыштар жұмыс істейді. Олар жиналған мәліметті нақты уақыт режимінде бірыңғай диспетчерлік орталыққа жеткізеді. Сонымен қатар қызметкерлер 130 портативті газ талдағышпен қамтамасыз етілген.

Жерасты техникасын метанды автоматты анықтайтын арнайы датчиктермен жабдықтау жалғасуда. Қазірдің өзінде 31 техникаға жүйе орнатылса, тағы 31 техникаға монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жоба толық аяқталған соң 62 техника автоматты метан бақылау жүйесімен қамтылады. Метан мөлшері рұқсат етілген деңгейден асқан жағдайда техника автоматты түрде тоқтатылады.

Қазақмыс

Кеніштің желдету жүйесі де кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Негізгі желдету қондырғылары күрделі жөндеуден өтіп, олардың өнімділігі секундына 200 текше метрге артты. Сондай-ақ 600 метр тереңдікке таза ауа жеткізетін жаңа желдету ұңғымасы пайдалануға дайын. Бұдан бөлек, жекелеген тау-кен қазбаларын оқшауланған желдетумен қамтитын үшінші желдету оқпанының құрылысы жалғасуда.

Қауіпсіздік бағдарламасы аясында ғылыми және сараптамалық ұйымдар тартылып, газдың бөлінуі, тау жыныстарының тұрақтылығы мен кеніштің геомеханикалық жағдайына тұрақты зерттеулер жүргізілуде. 2026 жылдың шілде айында жерасты қазбаларының жай-күйін бақылауға арналған бірыңғай цифрлық геомеханикалық мониторинг жүйесі іске қосылды.

Қазақмыс

Сонымен қатар кеніште қызметкерлердің орналасқан жерін анықтайтын және төтенше жағдайда жедел хабар беретін жүйе жетілдіріліп жатыр. Бұл үшін ұзындығы 15,5 шақырым болатын арнайы сәуле таратқыш кабель желісі пайдаланылуда.

Айта кетейік, өндірістік қауіпсіздікті арттыру бағдарламасы 45 іс-шарадан тұрады. Қазіргі уақытта олардың 39-ы орындалған. Бағдарламаны жүзеге асыруға жалпы 2,7 млрд теңге бөлінген.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button