Жаңалықтар

«Жұмыс қолы жетіспейді»: депутат Қазақстанға мигранттарды тарту талаптарын жеңілдетуді талап етті

Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев шетелдік жұмыс күшін тарту талаптарын жеңілдетіп, мигранттарға берілетін квота санын көбейтуді ұсынды, деп жазады qandastar.kz сайты Tengrinews.kz-ке -ке сілтеме жасап.

Депутаттың айтуынша, Қазақстан алдағы жылдары ірі инфрақұрылымдық жобалар кезеңіне қадам басады. Бұл – ЖЭО құрылысы, үш АЭС жобасы, көлік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту. Ал бұл жобаларды іске асыру үшін мыңдаған маман қажет. Алайда, жергілікті кадрлар саны жеткіліксіз болуы мүмкін.

Ерлан Барлыбаев Еңбек ресурстарын дамыту орталығы келтірген мәліметтерді алға тартты: 2025-2035 жылдары жұмыс күшіне сұраныс шамамен 3 миллион адам болады; оның 813 мыңы жұмысшы мамандықтары. Ең жоғары қажеттілік өнеркәсіпке (27%) және құрылыс саласына (11%) тиесілі.

Сонымен қатар, депутат еліміздегі заңды тұлғалар саны жыл сайын 4,5% өсіп отырғанын, бірақ бұл өсімнің барлығы сапалы жұмыс орындарын қалыптастырмайтынын атап өтті.

Қазақстан Орталық Азия елдеріне қарағанда ең жоғары еңбекақы ұсынады. Бұл елімізді еңбек мигранттары үшін тартымды етеді, әсіресе Еуропа мен Ресей визалық режимді қатаңдатып жатқан тұста, – деді депутат.

Ерлан Барлыбаевтың айтуынша, Қазақстанда шетелдік жұмысшылардың едәуір бөлігі бейресми түрде жұмыс істейді, бұл – жемқорлық тәуекелдерін арттырады.

Осыған байланысты депутат Үкіметке үш қадам ұсынады:

  • Шетелдік жұмыс күшін тарту шарттарын жеңілдету, мигранттарға еңбек құқықтары мен әлеуметтік қызметтерге қолжетімділік беру, ал жұмыс берушілерге жауапкершілік жүктеу;
  • Қажетті салаларда квота санын көбейту, рәсімдерді оңайлату;
  • Мигранттар үшін қосымша салық енгізу, оның мөлшерін арттыру немесе азайту арқылы олардың санын реттеу.

Депутаттың айтуынша, егер миграциялық ағымдарды біліктілік, салық және интеграция тұрғысынан басқарса, олар экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылықтың көзіне айналуы мүмкін.

Айта кетсек, бұған дейін Еңбек министрлігі Қазақстанда ресми түрде 15 мыңнан астам шетелдік жұмыс істейтінін хабарлаған. Ең көп жұмыс істейтін салалар — құрылыс (5 мың), ауыл шаруашылығы (3,1 мың). Ең ірі мигрант топтары Қытай (5 545), Өзбекстан (2 696), Түркия (1 076) және Үндістан (1 052) азаматтары.

2025 жылға арналған квота – жұмыс күшінің 0,2-0,25%-ы, яғни шамамен 14,8–19,4 мың рұқсат. Сонымен қатар, мигранттарды тартатын компаниялардағы қызметкерлердің 96%-ы – қазақстандықтар.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button