Экономика және бизнес

Жұмыссыз қалған 127 мыңнан астам қазақстандыққа әлеуметтік төлем тағайындалды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 1 ақпандағы жағдай бойынша 127,1 мың адам жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алған. Биыл бұл төлем 25,6 мың азаматқа алғаш рет тағайындалған.

2026 жылғы 27 ақпанда Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысынан айырылған азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін әлеуметтік төлемдер туралы мәлімет жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz мәліметіне сілтеме жасаған Qandastar.kz сайты.

Министрлік дерегінше, 1 ақпандағы жағдай бойынша жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылар саны 127,1 мың адамға жеткен. Соның ішінде 25,6 мың азаматқа төлем биыл алғаш рет тағайындалған.

Аталған төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан және жұмысынан айырылған азаматтарға беріледі. Оның мөлшері азаматтың бұрынғы табысына және әлеуметтік аударымдарының көлеміне қарай есептеледі.

Жалпы төленген қаражат көлемі 11,9 млрд теңгені құрады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыстан босатылған қызметкерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем ала алады. Төлем мөлшері жоғалған табыстың 45%-ына дейінгі көлемде МӘСҚ есебінен жүзеге асырылады.

Төлемді рәсімдеу үшін азаматтар eGov.kz порталы арқылы авторизациядан өтіп, «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөліміндегі «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдап, өтінімді электронды цифрлық қолтаңбамен растауы қажет. Бір күн ішінде тұрғылықты жері бойынша мансап орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер жұмыс табылмаса, үш жұмыс күні ішінде қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі.

Бұл қызметті Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) порталы арқылы да онлайн алуға болады.

Жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы мәліметтер түскеннен кейін Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ төлемін тағайындауға келісім беру үшін азаматтың ұялы телефонына SMS-хабарлама жолдайды. Келісім берілген жағдайда төлем автоматты түрде рәсімделеді.

Айта кетейік, МӘСҚ қаражаты есебінен төленетін бұл әлеуметтік төлем жұмыстан босатылу себебіне қарамастан беріледі және жұмыс іздеу кезеңінде азаматтарды қолдауға бағытталған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button