ЖаңалықтарҚаржы және төлемдер

Жұмыссыз қалған қазақстандықтарға 118 млрд теңге төленді: кімдер және қалай ала алады?

Қазақстанда жұмыссыз қалған азаматтарға берілетін әлеуметтік төлем көлемі айтарлықтай өсті. Яғни, 2025 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмысынан айырылуына байланысты 331,7 мың адам әлеуметтік төлем алған, деп жазады qandastar.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, олардың ішінде 289,8 мың азаматқа төлем дәл осы жылы тағайындалған. Жалпы төленген қаражат көлемі 118,5 млрд теңгені құрады.

Министрлік өкілдерінің хабарлауынша, жұмыстан босатылған азаматтар 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем алады. Төлем мерзімі міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табыс көлеміне байланысты белгіленеді.

Әлеуметтік төлем мөлшері азаматтың жоғалтқан табысының 45 пайызына дейін жетуі мүмкін және ол МӘСҚ қаражаты есебінен төленеді.

Төлемді қалай алуға болады?

Жұмысынан айырылған азаматқа әлеуметтік төлем тағайындалуы үшін келесі қадамдарды орындау қажет:

– eGov.kz порталында авторизациядан өту;
– «Жұмыспен қамту және еңбек» бөлімінен «Жұмыс іздеуші тұлғаларды тіркеу» қызметін таңдау;
– онлайн өтінімді толтырып, ЭЦҚ арқылы қол қою;
– бір жұмыс күні ішінде тұрғылықты жері бойынша мансап орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады;
– егер лайықты жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде азаматқа қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі.

Бұл қызметті enbek.kz электронды еңбек биржасы арқылы да алуға болады.

Ал егер азамат бұған дейін жұмыссыз ретінде тіркелген болса, Еңбек министрлігінің жүйесі автоматты түрде SMS-хабарлама жолдайды. Оған келісім берген жағдайда, әлеуметтік төлем проактивті форматта, яғни қосымша өтінішсіз-ақ тағайындалады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button