Жаңа Зеландияда 54 жастағы әйел супермаркет маңында жүрегі тоқтап, клиникалық өлімді бастан өткерген. Алайда ауруханадан шыққаннан кейін оған автотұрақ ережесін бұзғаны үшін айыппұл келген. Бұл туралы Daily Star басылымына сілтеме жасаған Qandastar.kz хабарлады.
Оқиға 2026 жылғы 26 шілдеде New World супермаркетінің жанында болған. Әйел көлігін дүкен маңына қойып, көліктен шыққаннан кейін асфальтқа құлап, есінен танып қалған.
Оқиғаны көрген басқа әйел оған бірден көмек көрсеткен. Жәбірленушінің тамыры соқпай тұрғанын анықтаған соң, ол жүрекке жанама массаж жасаған. Кейін оқиға орнына келген медицина қызметкерлері де көмек көрсетіп, әйелдің өмірін сақтап қалған. Парамедиктер оның туыстарына әйелдің жүрегі шынымен тоқтағанын хабарлаған.
Әйел ауруханаға жеткізілген кезде оның көлігі супермаркет жанындағы автотұрақта қалған. Бұл жерде көлікті тегін түрде 90 минутқа дейін қоюға рұқсат етілген. Алайда әйелдің көлігі оның шұғыл медициналық көмек алуына байланысты автотұрақта шамамен бес жарым сағат тұрған.
Бірнеше күннен кейін ауруханадан шыққан әйелге автотұрақ ережесін бұзғаны туралы хабарлама келіп, 80 жаңа зеландиялық доллар көлемінде айыппұл салынған. Бұл шамамен 23,5 мың теңгеге тең.
Әйелдің отбасы айыппұлға шағым түсірген. Автотұрақ операторы айыппұлды толық жоюдан бас тартқанымен, оның көлемін 30 долларға дейін төмендеткен. Компанияның хатында көліктің автотұрақта 341 минут тұрғаны көрсетілген. Сонымен қатар ерекше жағдайлар ескерілгенімен, автотұрақ ережесі бұзылғаны атап өтілген.
Әйелдің әкесі мұндай талапты орынсыз деп бағалаған. Дегенмен даудың өзі қызына қосымша стресс әкелгендіктен, ол ақырында айыппұлды төлеген.
Кейін New World Orewa супермаркетінің иесі Стив Маклин автотұрақ операторымен байланысып, отбасыдан болған жағдай үшін кешірім сұраған. Сонымен қатар әйел төлеген ақшаны қайтарып берген.
