Жаңалықтар

Журналист Ардақ Назаровтың «үш дүркін әлем чемпионы» атағын жоққа шығарды

Фото: kursiv.media

Белгілі журналист Гүлбану Әбенова депутат әрі спортшы Ардақ Назаровтың спорттық мансабына қатысты даулы деректерді жариялады, деп хабарлады qandastar.kz. Оның айтуынша, Назаров өз сұхбаттарында айтқан кейбір мәлімдемелер шындыққа сәйкес келмейді.

Журналист Назаровтың жекпе-жек нәтижелерін Tapology.com және Sherdog.com сияқты халықаралық спорт базаларынан тексеріп шыққан.

«Бұл сайттарда Назаровтың 20 жеңісі, 3 жеңілісі және 1 тең нәтижесі көрсетілген. Демек, оның «ешқашан жеңілмедім» деген сөзі шындыққа жанаспайды», – дейді Әбенова.

Ол сондай-ақ 2005 жылы Кореяда өткен турнирде Назаровтың жеңілгенін атап өтті.

«Назаров өзін сол жылы әлем чемпионы болған деп көрсетеді. Алайда ресми мәлімет бойынша, ол Кореялық Du Hyung Kim-нен төрешілер шешімімен бірінші раундта жеңілген», – дейді журналист.

Гүлбану Әбенованың айтуынша, Назаров мансабының басында көбіне кәсіби тәжірибесі аз спортшылармен кездескен.

«Ол алғашқы 11 жеңісін дебютанттармен өткізген. Ал M1 Global ұйымындағы алғашқы маңызды жекпе-жегінде армян спортшысы Карен Григоряннан ұтылған», – дейді ол.

Журналист Назаров жиі айтып жүретін Брендон Гарнермен болған жекпе-жек те шын мәнінде тең аяқталғанын мәлімдеді.

«2007 жылы өткен сол кездесу тең нәтижемен аяқталған, сол сәтте оның көрсеткіші 16-2 болған», – деп жазды Әбенова.

Сондай-ақ ол Назаровтың соңғы жеңілісі 2010 жылы америкалық Lance Wipf қарсысында тіркелгенін атап өтті.

«Барлық ресми статистикаға қарағанда, Ардақ Назаров өзін айтып жүргендей үш дүркін әлем чемпионы емес. Ол кәсіби деңгейде орта буын спортшылардың қатарында болған», – деп түйіндеді журналист.

Әбенованың пікірінше, Назаровтың спорттық деңгейі бүгінде Қазақстандағы Alash Pride, Naiza, және Octagon лигаларында өнер көрсетіп жүрген спортшылардан аса жоғары емес.

 

 

Back to top button