Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Журналист көп әйел алу тақырыбын референдум арқылы шешуді ұсынды

Журналист Ербол Мәндібек көп әйел алу тақырыбына қатысты өз көзқарасын Facebook парақшасында жариялады. Ол бұл мәселені қоғамда жыл сайын қызу талқыланатын даулы тақырыптардың бірі деп атап, оны біржола шешудің уақыты келгенін айтты, деп жазды qandastar.kz

Журналистің пікірінше, қазақ қоғамындағы көп әйел алу мәселесі референдум арқылы халықтық деңгейде талқыланып, нақты шешім қабылдануы тиіс.

Мәндібек өзінің жазбасында бір келіншектің хатын мысалға келтіріп, оның күйеуіне тоқал алуға өзі рұқсат бергенін айтты.

«Күйеуімнің жағдайы жақсы, барлығы бар. Бірақ соңғы уақытта айналасында жүрген қыздар көбейіп кетті. Мен де шаршадым, сондықтан заңды түрде тоқал алсын дедім», – деген әйелдің сөзін келтіреді журналист.

Ербол Мәндібек бұл жағдайлар қоғамда жиілеп бара жатқанын айтып, бәйбіше мен тоқалдың құқықтарын заң жүзінде реттеу қажет екенін алға тартты.

«Қазір бұл тақырып күн өткен сайын өршіп барады. Әсіресе, жоғары лауазымды тұлғалардың жеке өміріне қатысты әңгімелер көбейді. Сондықтан Парламент бұл мәселеге байыппен қарауы керек», – деді ол.

Мәндібектің айтуынша, Үкімет бұл бағытта арнайы жұмыс тобын құрып, оған сарапшылармен бірге қоғам белсенділері мен блогерлерді де тартуы қажет.

Сонымен қатар журналист өз ұсынысын нақтылап өтті:

«Тоқал алғысы келген ер адамның есепшотында кемінде 50 миллион теңге, мал-жайы мен екі көлігі болуы керек. Ал табысы аз ерлерге бұл туралы айтудың өзіне тыйым салынуы тиіс. Талапты бұзғандарға айыппұл салу қажет», – деді ол.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button