Журналист Мадина Жатқанбаева Қызылорда облысының әкімдігі мен жергілікті мемлекеттік органдарды кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған ауыр қылмыстар туралы ақпаратты жасырып отыр деп айыптады. Оның айтуынша, ведомстволар облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың беделіне нұқсан келмеуін көздейді. Бұл мәлімдемені ресми органдар әзірге растамады, деп жазады qandastar.kz
Жатқанбаеваның ақпаратына сәйкес, шамамен бір апта бұрын Қызылорда қаласында 10-сынып оқушысы, өгей әкесінің зорлығына ұшыраған. Сонымен қатар Шиелі ауданында 5 жастағы Мариям есімді қыз балаға қатысты да зорлық фактісі тіркелгені хабарланды.
Екі бала да қазіргі уақытта Қызылорда облыстық балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр.
Балалардың жағдайына қатысты пікір білдірген Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев олардың екеуі де облыстық балалар ауруханасында екендігін растады.
«Қазіргі уақытта екі қыз бала облыстық балалар ауруханасында жатыр. Оларға толық көлемде медициналық көмек көрсетілуде. Қосымша ақпаратты аша алмаймын, себебі ол дәрігерлік құпия», – деді ол.
Сұлтанғазиевтің айтуынша, бұл оқиғалар бойынша полиция тергеу жүргізіп жатыр.



