Қазақстан мен Ресей басшыларының Мәскеудегі кездесуі бұрынғы ресми жиындардан өзгеше өтті, деп хабарлайды Qandastar.kz. Кремльдің протоколдық рәсімінен кейін екі ел президенті бейресми жағдайда шай үстінде пікір алмасқан.
«Коммерсант» басылымының тілшісі Андрей Колесниковтың жазуынша, бұл жолғы жүздесу ерекше жылы әрі еркін атмосферада өрбіген. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге АҚШ-тағы сапарынан кейін келді. Ол жуырда Ақ үйде Дональд Трамппен кездесіп, «әлемдік деңгейдегі көшбасшы» деп баға берген болатын.
Колесниковтың пайымынша, Тоқаевтың мұндай жылы лебізі Трампқа қатты әсер еткен. Алайда Владимир Путинмен кездесуде қазақ басшысы мүлде басқа реңкте сөйлескен.
«Путин өзіне қатысты артық мақтау естігенді ұнатпайды. Мұны Тоқаев жақсы түсінеді. Сол себепті кездесу ресмиліктен гөрі достық сипатта өтті», – деп жазады ресейлік журналист.
Қазақстан басшысын Ресей шекарасынан бастап екі Су-35 жойғыш ұшағы ілесіп келген. Ал Мәскеу әуежайында Тоқаевты Ресейдің бірінші вице-премьері Денис Мантуров қарсы алды. Бұл жайт Кремльдің кездесуге ерекше мән бергенін аңғартқан, деп жазды ertenmedia.
Кездесу барысында екі ел арасындағы қарым-қатынастың тұрақтылығы, өзара сенім мен диалогтың маңызы сөз болды. Тоқаев Путинге «аға жолдас» деп жылы лебіз білдірген.
«Путиннің пәтеріндегі шай ішкен басшылар көп емес. Бұған дейін мұндай бейресми дастарханға тек Қытай көшбасшысы Си Цзиньпин шақырылған еді. Бұл – ерекше ілтипаттың белгісі», — деп жазады Колесников.
Кремль сарапшылары да бұл кездесудің символдық мәні бар екенін айтады. Ресей баспасөзінде Тоқаевтың Мәскеуге сапары «жоғары деңгейдегі сенім мен ашық диалогтың көрінісі» ретінде сипатталуда.



