Әлеумет және қоғам
Журналист: Шымкент Қазақстан экономикасына еш пайдасы жоқ қалаға айналып барады
Фото: kazbusiness.kz
Шымкент әкімдігі Қазақстанға келе жатқан 5 миллиард теңге инвестицияны тоқтатқанымен қоймай, Еуропаның даму және қайта құру банкімен арада арбитражды дау туғызуы мүмкін. Мұны журналист Айбар Олжаев жазды, деп хабарлайды qandastar.kz
«Онда Қазақстан үшін екінші «Стати процесі» басталады және біз ойсырай жеңілеміз. Инвестициялық тартымдылық рейтингінде де бірнеше позиция жоғалтарымыз анық.
Шымкентте жекеменшік су операторы – «Су ресурстары маркетинг» ЖШС жұмыс істейді. Олар Шымкент халқына су жеткізіп, тариф бойынша ақысын алады. Өздері инвестиция тартады, халықаралық ұйымдардан кредит алады, бастысы бюджеттен субсидия сұрамайды. Инвестицияға барлық жабдықтарды жаңартады да, кредит төлемдерін халықтан тарифке жинаған ақша есебінен жауып отырады.
Қазақстан Үкіметі барлық қалаларды тура осындай модельге көшіргісі келеді. Шымкенттен басқа барлық қалаларда коммуналды мекемелер жыл сайын үлкен шығын әкеледі және мемлекеттік субсидияларға жатып алған. Осы проблеманы шешу үшін Қазақстан Үкіметі «Тариф инвестиция орнына» бағдарламасын жасаған болатын. Инвестиция тартылып, құрылғылар жаңарады және ол қарыздарды тарифтің өсуі арқылы қайтаруы тиіс. Шымкенттегі модельді біраз қаланың өкілдері келіп қарап кеткен.
2023 жылдың күзінде Ғабит Сыздықбеков Шымкентке әкім болып тағайындалған уақыттан бері қызық құбылыстар орын ала бастады. Шымкент әкімдігі – «су коммуналды шаруашылығы стартегиялық нысан, сондықтан мемлекетке қайтуы тиіс» деген формулировкамен, компанияның үстінен сотқа үш рет арыз түсіріп, артынан арыздарын қайтарып алған. Бірақ бітпейтін тексерістер жекеменшік су операторының жұмысын тұралатып, мыңнан астам жұмысшысын алаңдатып отыр», – деді ол.
Компания 26 жыл бұрын, тоқсаныншы жылдары Шымкентте қирап жатқан су шаруашылығын аукционда Мемлекеттік мүлік комитетінен, ресми жекешелендіру барысында сатып алған. Прокуратура бұл жекешелендіруді толық заңды деп таныпты.
«Құбырлар мен құрылғыларды жаңарту үшін Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕБРР) «Су ресурстары маркетинг» фирмасына 30 миллиард теңге инвестиция құйған. Осы инвестицияның арқасында жекеменшік коммуналды оператор су ұңғу және тарату нысандарының санын 150-ге жеткізді. Кеңес үкіметінен келе жатқан, әбден тозған отандық құрылымды 10 жыл бұрын Польша елінен құрылғылар әкеліп, 100 мың текше метрге модернизация жасаған. Қалада 1900 шақырым су құбыр болса, солардың 110 шақырымын жаңалады және су сүзу нысандарына Ұлыбританияның заманауи құрылғыларын орнатқан.
Қазіргі таңда су операторы 30 миллиард теңге инвестицияның 20 миллиард теңгесін қайтарды. Алайда, кезекті транш бойынша, жаңа құрылғы орнату үшін ЕБРР тағы 5 миллиард теңге транш беруі тиіс болатын. Себебі, «Су ресурстары маркетинг» ЖШС бухгалтерлік баланс бойынша кіріс әкеліп тұрған компания болып саналады. Олар ЕБРР-ге жылына 2 миллиард теңге кредит төлеп отыр. Компания құрылғалы бері 2023 жылға дейін мемлекетке 16 млрд теңге салық төлеген. Ал биыл бюджетке 2,2 млрд теңгеге жуық салық төлемекші.
Шымкент әкімдігінің түсініксіз қылықтарын көрген ЕБРР траншты тоқтатып қойды. Оның үстіне әлі қайтпаған өзінің 10 миллиард теңгесіне алаңдай бастады. Егер ЕБРР-ден әлемдік нарыққа жағымсыз сигнал тараса, онда болашақта Шымкентте ешқандай шетелдік инвестиция келмейтін болады. Қазақстанның да инвестициялық имиджіне нұқсан келмек.
Шымкент адам басында шаққандағы өңірлік ішкі өнім бойынша соңғы 17-ші орында ілініп-салынып әрең келеді. Қазір адам басына шаққандағы ӨІӨ-сі 1,47 миллион теңге ғана. Ол тек Жамбыл, Жетісу мен Түркістан облыстарынан ғана озып тұр. Мысалы Атырауда 9,43 миллион теңге, Алматыда 4,74 миллион теңге. Ештеңе өндірмейтін Алматыдан Шымкент төрт есе артта қалған. Шымкент әкімдігі өз қаласында экономиканы өсіру үшін ештеңе де істеп жатқан жоқ. Республикалық бюджеттің доноры болуға да талпынбады.
Бір сөзбен айтқанда, Шымкент қолына газовый ключ алып жұмыс істеудің орнына болмайтын ингригалар, өнімсіз тірлікпен айналысып кетті. Қазақстан экономикасына еш пайдасы жоқ қалаға айналып барады. Ең өкініштісі, Шымкент әкімдігі өз қаласына да, мемлекетке де зиянын тигізе бастады. Себебі, инвестиция тартып, өндірістің тиімділігін арттырудың орнына қазір жұмыс істеп тұрған азғантай кәсіпорындардың мазасын алып, халықаралық инвесторларды торғайша үркітуде», – деді журналист.