Жаңалықтар
Журналист: Талғардағы 16 жасар жігітті өлтірген қылмыскерлердің сотын онлайн өткізу керек
Фтто: жеке қорынан
Журналист Дәурен Сейітжанұлы Талғардағы жаппай төбелес кезінде қайтыс болған жігіттің сотын онлайн өткізуді сұрады, деп хабарлайды qandastar.kz.
“Қуандық Бишімбаевтың ісі сияқты онлайн сот өткізуді ұсынамын. Басқаларға да сабақ болсын” деп жазды ол фейсбук желісіндегі парақшасында.
Айта кетейік, Талғардағы жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкенде басталған. Қазір тергеу жүріп жатыр. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осыдан кейін төбелес басталыпты.
Туыстары күдіктілер жергілікті тұрғындар дейді. Олардың барлығы бір ауылда тұрған, бірақ жеке таныс болмаған. Төбелеске қатысушылардың бәрі ұсталды.
“Кісі өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның барлық қатысушылары ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық істі тергеу облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында”, – дейді Алматы облысы ПД бастығының орынбасары Мәлік Қабдуалиев.
Төбелеске қатысқан Шерзаттың ағасына үш рет пышақ салғаны белгілі болды. Қазір ер адам ауруханада ем қабылдап жатыр.