Журналист Ришат Асқарбекұлы ел ішінде қызу талқыланып жатқан мәселелер туралы пікірін facebook желісіндегі парақшасында білдірді, деп хабарлайды Qandastar.kz
Оның айтуынша, биліктің жоғары эшелонында қоғамға белгісіз саяси процестер жүріп жатуы мүмкін деген болжамдар көбейіп, ақпараттық кеңістік түрлі нұсқаларға толған.
Асқарбекұлы атап өткендей, қоғамда «таққа талас басталды» деген пікірлердің таралуы, сондай-ақ журналист Гүлнәр Бажкенованың үй қамаққа алынуы осы күдіктерді күшейткен. Кейбір сарапшылар оның тергелуін Ресейдің «Бірегей есеп жүйесіне» (ЕСУ) қарсы сыни материалдарымен байланыстырып отыр деген пікірлерді де алға тартты. Алайда бұл ресми түрде расталған ақпарат емес.
ЕСУ жүйесіне қатысты даулар
Журналисттің айтуынша, Ресейге тиесілі ЕСУ платформасының Қазақстандағы кейбір құрылымдарға енгізілуі мүмкін деген ақпарат жаз айынан бастап талқыланып келеді. Сарапшылардың бір бөлігі букмекерлік ақша айналымының шетелдік жүйеге тәуелді болуы ұлттық қауіпсіздікке қатер тудыруы мүмкін екенін айтып жүр.
Сонымен бірге Умар Кремлевтің осы жобаға ықпалы бар деген пікірлер де тараған. Кей мамандар ресейлік санкцияға ілінген қаржы құрылымдарының Қазақстанда жұмыс істеуіне жол бермеу керек екенін айтады. Бұған дейін Гүлнәр Бажкенова басқаратын «Orda» медиа ресурсы да бұл мәселеге қатысты бірнеше сыни материал жариялаған еді.
Журналистің ұсталуы осымен байланысты ма?
Ришат Асқарбекұлының сөзінше, қоғамда Бажкенованың қамауға алынуын осы жобаға байланыстырып жатқан топтар бар. Бірақ оның айтуынша, бұл әзірге тек болжам, ал нақты жауабын тек тергеу береді.
«ЕСУ жүйесін Қазақстанға енгізуді қолдап отырған ішкі күштердің мақсаты қандай? Бұл сұраққа әлі нақты жауап жоқ. Тергеу нәтижесіне бәріміз бірге куә боламыз», – дейді журналист.

