Журналист Армангүл Тоқтамұрат Ұлттық құрылтайдың ел өміріндегі рөлі мен маңызына қатысты пікір білдірді. Ол Facebook желісіндегі жазбасында бұл алаңды «бос жиын» деп бағалайтын көзқараспен келіспейтінін айтып, құрылтай жұмысының нақты нәтижелерін атап өтті, деп жазады Qandastar.kz порталы.
Журналистің айтуынша, Ұлттық құрылтай 2022 жылы Президент Жарлығымен құрылып, билік пен халық арасындағы байланысты күшейтетін маңызды қоғамдық диалог алаңына айналды. Осы уақытқа дейін құрылтайдың төрт отырысы өтіп, соның нәтижесінде 26 заң қабылданып, тағы 10 заң жобасы әзірлену үстінде.
Армангүл Тоқтамұрат құрылтай отырыстарының хронологиясына тоқталып, алғашқы жиын 2022 жылы Ұлытау өңірінде өткенін еске салды. Ол кезде ұлттық бірегейлік, тіл, мәдениет, өңірлік даму және әлеуметтік әділеттілік мәселелері көтеріліп, 25 қазан — Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі берілген. Сонымен қатар «Еңбек адамы» тұжырымдамасы бекітілді.
2023 жылы Түркістанда өткен екінші отырыста ұрпақ тәрбиесі мен жастар саясаты басты назарға алынып, 16 заң қабылданған. Олардың қатарында вейп өнімдеріне тыйым салу, ойын бизнесін реттеу, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және Түркістан қаласына ерекше статус беру жөніндегі шешімдер бар.
Ал 2024 жылы Атырауда өткен үшінші құрылтайда ұлттық құндылықтарды дамыту мәселелері қозғалып, отбасындағы зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген. Сондай-ақ есірткі айналымы, лудомания, вандализм және ысырапшылдыққа қарсы бағытталған бастамалар көтеріліп, 10 маңызды заң жобасы дайындалған.
Журналистің мәліметінше, 2025 жылы Бурабайда өткен төртінші отырыста ел дамуына қатысты 53 тапсырма беріліп, «Әділетті Қазақстан», «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Еңбек адамы», «Жаңа қоғамдық этика» және «Кітап оқитын ұлт» сияқты жобалар жүзеге асырыла бастады.
Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдауға арналған заң жобасы әзірленіп жатқанын, әлеуметтік желілердегі жала жабу мен бейәдеп сөздер үшін жауапкершілікті күшейту, қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киімге тыйым салу туралы заңдар қабылданғанын да атап өтті.
Армангүл Тоқтамұраттың пікірінше, Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалар елдің әлеуметтік өміріне нақты өзгеріс әкеліп отыр. Ал құрылтай отырыстарының әр өңірде өтуі сол аймақтардың дамуына да оң әсерін тигізеді.



