Журналист Ержан Төлек жасанды интеллект арқылы ұлттық тұлғаларды бейнелеуге қатысты алаңдаушылығын білдірді, деп жазды qandastar.kz
Оның айтуынша, соңғы уақытта жасанды интеллект арқылы түрлі бейне, видео және контент жасаушылардың қатары көбейіп, олардың кейбірі ұлттық болмысқа, тарихи тұлғаларға зиян келтіретін бағытта жұмыс істей бастаған.
Ержан Төлек әсіресе әлеуметтік желіде тараған Абылай ханның бейнесін келемеждеп көрсететін ЖИ-арқылы жасалған видеоны сынға алды. Оның сөзінше, мұндай әрекеттер тарихи тұлғаларға құрметсіздік жасап қана қоймай, ұлттық сананың әлсіреуіне алып келуі мүмкін.
«Үш жүздің басын қосқан айбынды Абылайды желөкпе, жеңілтек кейіпте көрсету түбі жақсылыққа апармайды. Ұлттық құндылықты қор қылмау үшін мұндай контенттерге бақылау қажет», — деді журналист фейсбук парақшасында.



