Білім

«Жусан иісі» шығармасы оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамытады

Фото: жеке қорынан

Қымбат Қараева – Arman-PV баспасы бас директорының орынбасары, сондай-ақ «Абай» әдеби-танымдық «Ғарыш құпиялары» энциклопедияларының авторы.  qandastar.kz  білім беру бағдарламаларын әзірлеу және оқулықтар дайындау саласындағы стратегиялық жетекшімен тілдескен еді.

– Сіздің баспа білім беру мен әдебиет саласында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келеді. Осы орайда баспаның қазіргі заманғы білім беру үдерісіндегі миссиясы мен қазақ әдебиетінің дамуына қосып отырған үлесі туралы толығырақ айтып өтсеңіз.

–  Біздің баспамыз – Қазақстанның білім және әдебиет саласындағы маңызды құрылымдардың бірі. 22 жылдан астам уақыт бойы сапалы білім беру материалдарын дайындаумен және көркем әдеби шығармаларды жарыққа шығарумен айналысып келеміз. Басты мақсатымыз – мазмұнды оқулықтар жасап, қазақ әдебиеті мен мәдениетін жас ұрпаққа кеңінен таныстыру. Әдебиет – халықтың рухани мұрасы, тарихы мен мәдениетін сақтаушы, сондықтан әрбір шығарма арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттауға баса назар аударамыз. «Arman-PV» осы бағытта үнемі жұмыс істеп келеді.

–  «Arman-PV» баспасынан жарық көрген 6-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығының мазмұны мен оның ерекшеліктері қандай? Бұл оқулық қазіргі оқушыларға қандай құндылықтарды үйретуге бағытталған?

–  6-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығы мемлекеттік бағдарламаға сәйкес жазылған. Авторы – С. Тұрсынғалиева мен Р.Зайкенова. Оқулықта ежелгі дәуір әдебиетінен бастап қазіргі кезеңге дейінгі аралықтағы әдеби туындылар қамтылған. Оқулықтың негізгі мақсаты – оқушыларға ұлттық әдебиетімізді таныту, адамгершілік, мейірімділік және рухани құндылықтарды сіңіру.

–  Оқулықтарда қамтылған әдеби шығармалар оқушылардың дүниетанымына қалай әсер етеді және оқулық арқылы қандай өмірлік маңызды сабақтар алуға болады?

– Әлбетте, айталық С.Мұратбековтің «Жусан иісі» повесі оқулықтағы маңызды туындылардың бірі. Жазушының осы шығармасында соғыс жылдарындағы ауыл тұрғындарының жүдеу тыныс-тіршілігі сипатталады. Повестің сюжеті негізгі кейіпкер Аянның және басқа да балалардың бастан кешкен оқиғасына құрылған. «Ұлы Отан соғысы» деп аталған нәубеттің бейнесі бүгінде біртіндеп алыстап бара жатыр. Бұл тақырып қазіргі балаларға тек тарих оқулығынан, фильмдерден т.б. көздерден белгілі болуы мүмкін. Дегенмен бұл да біздің тарихымыз, өткеніміз. Соғыс адамзатқа қаншама қайғы-қасірет әкеледі. Автор соғыстың кесірінен тұл жетім қалған Аянның образы арқылы осы жайтты оқырман жүрегіне сіңдіре жеткізген. «Жусан иісі» повесін оқыған әрбір оқырманның (оның ішінде оқушының да) Аянға деген аяушылық, жанашырлық сезімдері оянып, көзіне жас үйірілетіні хақ. Шығармада Тұржанның тарапынан көрініс тапқан әділетсіздіктің кез келген қоғамда қайталанатыны сөзсіз. Осындай жағдайда жан-жағындағы адамдардың ауызбіршілігі, дер кезінде қол ұшын беруі, адамгершілігі мен жанашырлығы ғана құрбан иесін моральдық дағдарыстан, күйзелістен құтқарады.

–  Оқушыларға шығарманы тереңірек түсінуге қандай әдістер қолдануға болады?

–  Басты кейіпкер Аян – жазуды да тез меңгеріп алған, ертегіні де ойлап таба қоятын дарынды бала. Бұл қасиеті өзге балалардың оған деген құрметін арттырып, шаналарын кезекпен беруіне мұрындық болады. Күндіз үйдегі шаруадан қол тимейтін әрі шанасы жоқ бала достарының шаналарын кезекпен алып, түн ішінде сырғанап жүреді. Сөйтіп, ол түннің де өзіндік сиқырлы сұлулығына, ғажап көрінісіне сүйсініп, қайран қалады. Өмірдің тым ащы сынағын көтере алмаған баланың нәзік психикасы сублимация жасап, қорғаныш механизмі ретінде ертегіні таңдайды. Ертегіде қалай? Әлбетте, көптеген қиындықтарды өткеріп барып, кейіпкер түбінде мұратына жетеді. Аян да асыл арманы орындалғанын: әкесімен қауышқанын қалайды: «Ертеде бір жетім бала бопты…» деп басталатын оның ертегі әлемінде анасы да, әжесі де тірі, әкесі соғыстан оралған, бақытты отбасы, достары да жанында. Қаламгер Аянның қиялы әр саққа жүгіріп, әкесін қалай сағынатынын шебер суреттейді. Жападан-жалғыз қалған бала тек өз қиялының әлеміне ғана қожайын, өйткені әкесінің тер исі сіңген пальтосын күндіз иіскеуге хақысы жоқ, тек түнде ғана жамылып жатады. Аян майдандағы әкесіне хат жазуды тез үйреніп алады, оның елге аман-есен келуін күн санап күтіп жүреді. Басқа балаларға да хат жазуды үйретеді. Балаларды ойын ғана емес, майданнан әкелерінің, ағаларының аман-сау оралуы біріктіреді. Ал әкесінің қаза тапқаны туралы хабар алғанда көз жасын ешкімге көрсетпей жылауы оның жасына жетпей есейіп кеткендігін, тағдырына мойынсынғандығын білдіреді.

– «Жусан иісі» шығармасын оқушылардың сыни ойлау дағдыларын дамыту үшін қалай қолдануға болады? Қандай әдістер оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттырады?

–  «Жусан иісі» шығармасы балалардың сыни ойлауын дамытуға өте қолайлы. Оқушыларға Аянның тағдырын өз қалаулары бойынша жалғастырып, фанфик жазу ұсынылады. Бұл әдіс олардың шығармашылық қабілеттерін ашып қана қоймай, ішкі сезімдерін де танытады. Әр оқушы өз нұсқасын жазып, оны қорғайды, бұл олардың өзіндік ойлау қабілетін, аналитикалық қабілеттерін дамытуға үлкен мүмкіндік береді. 6-сыныптың баласы – шешуші өтпелі кезеңге аяқ басқан жеткіншек. Аталмыш шығарманы оқып, талдай отырып, бойына ізгілік, жанашырлық, мейірімділік қасиеттерді қалыптастыра алады. Отбасын, достарын қадірлеуге ұмтылады. Жамандықтан, әділетсіздіктен, әлімжеттіктен жиренеді. Ұжым болып бірігуге дағдыланады. Өмірде кездесіп қалатын буллинг, кибербуллинг сияқты келеңсіздікке бой алдырмауды үйренеді деп сенеміз. Сол себепті ұстаз оқушыларды тек шығарманың мазмұнын ғана меңгертіп қоймай, бағдарламада ұсынылған оқу мақсаттарына қоса, оның сан алуан қырына, ішкі астарына терең үңілуге баулығаны абзал деп санаймыз. Кейінгі сабақта оқушыларға тосын сый ретінде Аянның прототипі Наухан Керімов туралы мәлімет ұсынуға болады.

–  Сыни ойлауды дамыту технологиясынан бөлек, оқулықтарды әзірлеуде тағы қандай заманауи әдіс-тәсілдер мен технологиялар қолданылады?

–  Ойын технологиялары қазіргі білім беру жүйесінде өте тиімді құрал болып табылады. Біз интерактивті тапсырмалар мен ойын элементтерін қосу арқылы оқу үрдісін қызықты және ынталандырушы етеміз. Оқушылар оқу барысында ойын арқылы білімді жеңіл қабылдап, сол арқылы қызығушылықтарын арттырады. Бұл әсіресе балалардың ынтасын сақтап, олардың сабаққа белсенді қатысуын қамтамасыз етуде өте тиімді. Блум таксономиясы біздің оқулықтарымызда оқыту үдерісін жүйелеуге көмектеседі. Бұл таксономия арқылы біз оқушылардың когнитивті дағдыларын алты деңгейге бөлеміз: білім, түсіну, қолдану, талдау, синтез және бағалау. Бұл тәсіл оқушыларға білімді терең түсініп, оны талдауға, бағалауға үйретеді. Оқулықтарымыз осы әдіспен жазылып, оқушылардың білімін біртіндеп күрделендіруге, олардың ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған.

–  Жақсы, ал, оқушылардың алған білімдерін тәжірибеде қолдануына мүмкіндік беретін қандай әдіс-тәсілдер қолданылады?

– Оқушылардың білімдерін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік беретін әдістердің бірі – жобалық оқыту технологиясы. Бұл әдіс арқылы оқушыларға жобалық тапсырмалар беріледі, олар өз бетімен зерттеу жүргізіп, нәтижеге жетуге тырысады. Бұл тәсіл зерттеу дағдыларын дамытуға, сыни ойлау қабілетін жетілдіруге және нақты мәселелерді шешу қабілеттерін арттыруға бағытталған.

Осылайша, баспамыздың оқулықтары арқылы оқушылар қазақ әдебиеті мен мәдениетіне терең бойлай отырып, заманауи технологиялар арқылы жаңа білім мен құндылықтарды игеріп келеді.

 

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close