Білім
«Жүзден аса студент бар»: Елордалық IT колледжінің түлектері мемлекеттік грантсыз қалмақ

Фото: Видеодан скрин
Астанада IT колледжінің түлектері мемлекеттік грантсыз қалуы мүмкін. Талапкерлердің айтуынша, олар тегін орындарға конкурсқа дайындалып жатқан, деп жазады qandastar.kz
Алайда емтиханнан соң биыл грант жоқ екенін білген. Қазір университеттің өзі мәселені шешуге тырысып жатыр екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігіКТКсайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Адель Біржанова биыл елордадағы IT колледжін үздік дипломмен тәмамдаған. Бір жыл бойы бакалавриатқа түсу үшін емтиханға тыңғылықты дайындалған. Сол білім ордасында оқуын жалғастырғысы келген. Бірақ ақылы негізде емес, мемлекеттік грант есебінен оқуды көздеген. Алайда жоспары ойдағыдай болмаған.
«Биыл колледж студенттерінің университет таңдау мүмкіндігі шектелді. Сондай-ақ колледж түлектеріне бөлінетін грант саны да азайды. Бұл бізге де әсер етіп жатыр. Енді Astana IT университетіне ақылы түрде ғана түсе аламыз», – деді колледж түлегі Адель Біржанова.
Енді жүзден аса түлек мемлекеттік грантсыз қалуы мүмкін. Олар сонда да конкурсқа қатысып, бағын сынауға дайын отыр.
«Алдыңғы конкурс туралы былтыр оқыдым. 300 грант бөлініпті. Ол кезде 40 ұпайдан басталатын адамдар қабылданған екен. Мен жоғары ұпай жинадым. Қызыл дипломым бар. Грантқа түсуге мүмкіндігім бар деп ойлаймын. Astana IT университетіне оқуға түскім келеді», – деді колледж түлегі Абай Тілеуғалиев.