2025 жылы 13 202 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 1991 жылдан бері елге жалпы 1 млн 161,2 мың этникалық қазақ қоныс аударған, деп жазады qandastar.kz
Биыл Қазақстанға келген қандастардың 45,6% – Өзбекстаннан, 42,3% – Қытайдан, 4,1% – Түрікменстаннан, 2,9% – Моңғолиядан, 2,6% – Ресейден, 2,5% – басқа елдерден келген.
2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша қоныс аударушылардың 57,6%-ы еңбекке қабілетті жаста, 33,9%-ы – 18 жасқа дейінгі балалар, ал 8,5%-ын зейнеткерлерді құрайды. Еңбекке қабілетті қандастардың ішінде15,2%-ы – жоғары білімді, 28,2%-ы – орта кәсіби білімді, 50,5%-ы – жалпы орта білімді, 6,1%-ының білімі жоқ.
Қандастар республика бойынша әртүрлі өңірлерге қоныстандырылуда. Еңбек күші тапшы аймақтар ретінде Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары анықталған.
2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. 1 қарашадағы жағдай бойынша бұл өңірлерге 1 942 қандас көшіп келген.
Қоныстандыру аймақтарына барған этникалық қазақтар мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылуда. Атап айтқанда көшуге – әр отбасы мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде біржолғы субсидия, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге – бір жыл ішінде 15-30 АЕК (59-118 мың теңге) көлемінде төлем беріледі.
Жыл басынан бері 1010 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 313 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Солтүстік өңірлерге ерікті қоныс аударуды ынталандыру мақсатында жұмыс берушілерді қолдауға бағытталған шаралар қабылданды. Экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізіліп, ол тұрғын үй сатып алу немесе салу, не ипотекалық қарыздың бастапқы жарнасын жабу үшін бір отбасына 4,56 млн теңгеге дейін, яғни тұрғын үй құнының 50%-ына дейін өтеусіз беріледі.



