
Фото: ашық дереккөз
Threads желісінде исламтанушы, психолог Данияр Сүлейменовтің “Ең бақытты әйел” атты кітабы қоғамда үлкен дау тудырды. Ер адамның әйел бақыты туралы кітап жазуы әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызды. Көпшілік кітаптағы кейбір тұжырымдар әйелдің жеке еркіндігі мен қадір-қасиетіне қайшы екенін айтып, авторға сын айтты, деп жазды qandastar.kz
Автор бұған дейін де отбасы тақырыбында бірнеше кітап жазған. Соның ішінде “Бақытты отбасы болудың негіздері”, “Әйелдерге арналған 30 хадис” сынды еңбектері жарық көрген. Ал “Ең бақытты әйел” кітабы биыл тоғызыншы рет басылып шыққан. 200 беттен тұратын еңбекте автор ислам құндылықтары негізінде әйелдің міндеті мен бақытқа жету жолын сипаттайды. Алайда оқырман қауым бұл ойларды патриархалды көзқарастың көрінісі деп қабылдады.
«Күйеуің ұрса да, үндеме» – даулы кеңес қоғам наразылығын күшейтті
Желі қолданушылары әсіресе кітаптағы мына тұжырымдарға қарсы шықты:
«Күйеуің ұрса да, үндеме. Ара-тұра жыла, бірақ оны кінәлап жылама. Жылы сөз айт, еркелет. Сонда ғана еріңнің аяушылығы оянады.»
«Әйел адам көшеде емес, күйеуінің алдында сәнденуі тиіс. Әйел ерінің назарын өзіне ғана аударып отыруы керек, әйтпесе еркекке басқа әйел ұнап қалуы мүмкін.»
Кітапта сонымен бірге әйелдің бақытты болуы оның күйеуі мен енесінің көңілін табуына тікелей байланысты делінеді. Автор әйелдерге отбасында дау шығармай, үндемей шыдауға кеңес береді.
Заңгер: “Мұндай кеңестер – ҚР заңына қайшы”
Мұндай көзқарасқа құқық қорғаушылар да алаңдаушылық білдіріп отыр. Заңгер Бағдат Амандосұлы бұл кеңестерді Конституцияға және «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» заңға қайшы деп санайды.
«Үндемей шыдау – құқық бұзушылықты жасыру болып есептеледі. Егер кітапта зорлықты насихаттау немесе үндемеуге шақыратын тұжырымдар дәлелденсе, бұл ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша қаралуы мүмкін. Оқырман кітапқа қатысты шағымды прокуратураға немесе Әділет министрлігіне жолдай алады.» – дейді заңгер.
Дінтанушы: “Ислам әйелге қол көтеруге тыйым салады”
Философия, саясаттану және дінтану институтының аға ғылыми қызметкері Асылтай Тасболат та бұл кітаптағы кей тұжырымдардың ислам дініне де сәйкес келмейтінін айтты.
«Пайғамбар (с.ғ.с.) жұбайларына ешқашан қол көтермеген. Құранда ер мен әйелдің арасына мейірім мен сүйіспеншілік салынғаны жазылған. Ал зорлық-зомбылықты үндемей көтеру – бұл дінмен де, адамгершілікпен де үйлеспейді.»
Сарапшы исламда еркек әйелден артық деген түсінік жоқ екенін, ал қоғамдағы мұндай ұстанымдар діннің емес, дәстүршілдік пен стереотиптің жемісі екенін алға тартты.
Қоғам белсендісі: “Әйелдің бақыты – өз өмірін өзі басқаруында”
Stop Violence End Tyranny қоғамдық қорының негізін қалаушы, феминист Мөлдір Жұмабаева кітаптағы кеңестерді қауіпті және зиян деп бағалап, автордың әйел тақырыбында жазуына сын көзбен қарады.
«Әйел бақыты бағынушылықта емес. Әйел – өз өміріне жауапты, білімді, күшті тұлға. Мұндай кеңестер әйелдің қауіпсіздігі мен еркіндігіне қауіп төндіреді. Егер ер адамдар әйел туралы жазғысы келсе, алдымен әйелдердің өз тәжірибесін тыңдауы керек.»