Жаңалықтар

«Жылуға қарыз 2 млрд теңге»: Алматылықтардың шоты бұғатталып, шетелге шығуына тыйым салынды

Алматыда тұрғындардың жылу энергиясы үшін жиналған ірі көлемдегі қарызы өндіріліп жатыр, деп хабарлайды Qandastar.kz.

«Алматылық жылу желілері» ЖШС мәліметінше, Алматы тұрғындарының жылу мен ыстық суға қарызы екі миллиард теңгеден асып кеткен. Осы қаражатты қайтару үшін жеткізуші компания қарыздарды белсенді түрде өндіріп алуға кірісті.

Жыл басынан бері 600-ден астам абонентке ыстық су өшірілген. Қарыз кәсіпкерлерде де жиналған. Компанияларға үш мыңнан астам сотқа дейінгі талап жолданған.

«Жылу мен ыстық су үшін қарызы бар 5184 төлем жасаушыдан берешекті өндіріп алу жұмысы жүргізілді», — деп хабарлады жылу желілерінің өкілдері.

Қарызды мәжбүрлеп өндіріп алу үшін компания соттарға талап-арыз беріп, нотариустарға да жүгінеді. Сот орындаушылары борышкерлердің мүлкі мен банктік шоттарына арест қойып, шетелге шығуына тыйым салады және жалақыларынан қаражат ұстап қалады.

Осындай қатаң шараларға қазірдің өзінде 1754 адам ілініп отыр.

«Алматылық жылу желілері» тұрғындарды төлемді кешіктірмеуге шақырып, мұндай санкцияларды болдырмауға үндейді. Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close