
Жамбылдық TikTok стример психикалық орталыққа жатқызылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Жамбыл облысында TikTok-тағы тікелей эфирлері арқылы танылған 41 жастағы әйел психикалық денсаулық орталығына ем қабылдауға жіберілді.
Байзақ ауданының тұрғыны Лайло Қасымова әлеуметтік желіде «Золотая женщина» деген лақап атпен белгілі. Полицияның мәліметінше, ол эфир кезінде балағат сөздер айтқаны үшін бұған дейін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Құқық қорғау органдары әйелге бірнеше мәрте ескерту жасап, профилактикалық жұмыстар жүргізген. Алайда бұл шараларға қарамастан, ол тікелей эфирлерінде әдепсіз сөздер айтуды жалғастырған. Кейбір эфирлеріне кәмелетке толмаған балалары да қатысқан.
Полицияның хабарлауынша, жедел жәрдем мамандарының тексеруінен кейін әйелді ем қабылдау үшін Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығына жатқызу туралы шешім қабылданған.
Ал оның балалары әзірге әкесінің қарауына берілді.



