Жаңалықтар
Астанада Қадір түнінде мешітке жиналған жұрт тегін тамаққа таласты

Фото: ашыұ дереккөз
Әлеуметтік желіде Қадір түні Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітінің алдында жиналған жамағаттың тегін тамаққа таласқан видеосы тарады. Тегін тамақ үшін қаумалап, жанталасқан жұрт желі қолданушылардың ашуын туғызды. Бұл туралы qandastar.kz хабарлады.
Елорадалық мейманхана Қадір түнін күткен астаналықтарға Әзірет Сұлтан мешінің алдында тегін тамақ таратқан. Тегін тамақтан дәметкендердің қарасы көбейіп, мешіттің алдында бейберекетсіздік орнады. Әлеуметттік желіде тараған видеодан жас балалар мен ересектердің тамақ тиелген көлікке қарай жүгіріп бара жатқанын көруге болады. Тамаққа таласқан адамдар желі қолданушыларының наразылығын туғызды.
«Дым көрмегендер», «Бізде бәрі баяғыдай», «Осындай жағдай болмас үшін мұндай шаралар ұйымдастырмау керек», «Аштан келгендей, үйлеріңде тамақ жоқ па? Жабайыларға ұқсап тап бергені несі?», «Халық аш», «Бізде тегін ештеңе таратуға болмайды. Адамдар жануардан бетер болып кетеді», «Мынау ұят қой», «Мешітке не үшін келгендерін ұмытып қалды ғой деймін», – деп жарыса жазды желідегілер.
stan.kz жазғандай, мешітке жиналған адамдарға тегін тамақ таратқан «Miko» деген мейманхана болып шықты. Мейманхана басшысының айтуынша, жыл сайын Қадір түнінде адамдарға тегін тамақ таратады. Алайда мұндай қаумалаған адамды бірінші рет көрген.
«Өз қызметкерлерімізге мешіт маңында тегін тамақ таратанымыз туралы айттық. Бірақ мұндай хабарламаны желіде жариялаған жоқпыз. Біз мұны жылда істеп жүрміз. Бірақ мұндай жағдай болмаған. Желіге салған адам жиналғандардың таласып жатқанын, газельдің келіп тоқтаған сәтін түсірген. Бірақ одан кейін адамдар кезекке тұрды. Біз кезекпен таратып бердік. Оны түсірмеген. Жалпы мың адамға шақтап дайындаған едік. Алайда жиналғандардың саны одан көп болып кетті», – дейді басшылық.
Болған жағдайға қатысты астаналық полиция да пікір білдірді. Ведомствоның мәліметінше, тамақ таратқандар атқарушы органның рұқсатын алмаған.
«Қадір түні» кезінде Әзірет сұлтан мешітінің аумағында мешіт қызметкерлерінің келісімімен, бірақ жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз, ораза кезіндегі сәресі уақытында тамақ таратылған. Бұл жағдай адамдардың жаппай жиналуына себеп болды. Полиция қызметкерлері оқиға орнына барып, жағдайды реттеді», – деп мәлімдеді полиция.
Сондай-ақ полиция қызметкерлері мешіт басшылығына қоғамдық тәртіп бұзушылықтарға жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізді.