Жаңалықтар
«Сәләфизм», «Уаһһабизм» ағымдары несімен қауіпті
Тарихқа зер салар болсақ, дәстүрлі Ислам шеңберінен шығып кетуші ағымдар аз болмаған. Олардың кейбірі уақыт өте келе жойылып кеткенімен, идеологиялары мен принциптері толығымен жойыла қойған жоқ.
Бұл жайтты теріс пиғылды топтар өз мүддесіне жаратпай қоймады. Осы арқылы дәстүрлі Ислам дініне, сондай-ақ, қоғамның ұлттық ауызбіршілігіне кері әсерін тигізіп, халқымыздың салт-санасына қараспай, қалың жұртшылық арасында бүлік туғызып жатқанына ел куә.
Біршама уақыт Ислам дініне жеткілікті көңіл бөле алмаған болсақ та, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін алғаннан соң, қазіргі таңда қазақ қоғамы діни ұйымдардың оңды-солдысына баға бере алатындай жағдайға жетті.
Сәләфизм – Ислам ғұламалары бірауыздан бекіткен мәзһаб пен сенім мектептерін мойындамайтын ағым. Бұл ағымды және оның түрлерін баяндамас бұрын, «сәләфизм» ұғымын түсіндіре кетейін. Сәләфизм – араб тіліндегі «сәләф» сөзінен шыққан. Ол тілдік мағынада «бұрынғылар», «әуелгілер», «өткендер» ұғымын беріп, қасиетті Құрани-Кәрімнің бірнеше жерінде де кездеседі.
Ислам әлемінде сәләф-салихин атауы Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) заманынан бастап алғашқы үш ғасырда өмір сүрген мұсылмандар толқынына берілген. Қазіргі таңда «сәләфиміз» деп жүргендер өздерін осы Исламның әуелгі үш ғасырында өмір сүргендерге теңеуде. Әуелгі сәләфилер шынайы Ислам жолын ұстанушылар болса, қазіргі уақытта өзін солай атаушылардың бағыты, шын мәнінде, олай емес.
Бүгінде әлемде «сәләфия» мен «уаһһабизм» сөзі қатар жүретінін білгеніміз жөн. Себебі, ағымды «белсенділікке» жетелеген Мұхаммед ибн Абдул-Уаһһабтың атына балау әлем мұсылмандары арасында кең етек жайған. Сондай-ақ, «уаһһабист» деген сөз осы ағымның негізін қалаушы – Мұхаммед ибн Абдул-Уаһһабтың көзі тірісінде оның соңынан ерушілерге телінген-ді. Уаһһабилік тарихта «хауариждік» әрекет ретінде танымал болған. Өйткені, олардың әрекеттеріндегі қатыгездік, өз ұстанымдарына қосылмағандарды «кәпір» деп айыптау әрекеттері «харижиттер ағымы» ақидасының (сенімінің) көшірмесі іспетті.
Қазіргі таңда уаһһабилік немесе салафилік сенім Сауд Арабия Каролдігінің ресми ұстанған діни жолы болғандықтан, ең көп шоғырланған мекендері Араб түбегі мен Парсы шығанағындағы елдер. Сонымен қатар бұл сенімді ұстанушылар Таяу Шығыс, Батыс Еуропа, Солтүстік Африка, Ресей, Үндістан, Пәкістан, Бангладеш және Орта Азия мен өзге Азия елдерінде кездеседі. Ендеше, сәләфи ағымының негізгі идеясы түсінікті болу үшін оның шығу тарихына тоқталып өтейік.
Сәләфилік ағымның жетекшісі «Тәмим» тайпасынан шыққан Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб (1703-1792 ж.ж.) Рияд қаласына жақын орналасқан Уяйна атты елді мекенде дүниеге келген. Оның ата-бабасы Ханбали мәзһабын ұстанған. Ал әкесі, атасы мен бауыры қазылық қызметін атқарған. Ол алғашқы сауатын өз әкесінен алған болатын. Содан соң Меккеге барып ілімін шыңдамақ болады. Алайда, өзі күткендей ғылыми орта таба алмағандықтан Мәдинаға кетеді. Мәдинада Абдуллаһ ибн Ибраһим ибн Сәйф ан-Нажди және Мұхаммед Хаят ас-Синди есімді Ханбали мәзһабының танымал ғалымдарынан дәріс алады. Онда «Кутубус-ситта», «әл-Мууатта», «әл-Муснад» атты хадис кітаптарын оқып шығады.
Оқи жүріп Ибн Тәймияның пәтуаларымен танысады. Оның дінге қатысты пікірлерін басшылыққа алып, жаңғыртуға көшеді. Сол заманның үрдісі бойынша, білімін шыңдау мақсатында Басраға аттанады. Онда түрлі ағым өкілдері болғандықтан, солардың сенімдері мен ұстанымдарын жақыннан тани түседі. Білімін жетілдірумен қатар, таухид мәселесі турасындағы пікірсайыстарға қатысып, белсенділік танытады. Мұндай жиындарда «дінді тікелей Құран және сүнеттен үйрену керек» деген ұстанымын дәлелдеуге және қорғауға тырысқан болатын.
Осы орайда Мұхаммед Ибн Абдул-Уаһһабтың ағасы – Сүлеймен Ибн Әбдул-Уаһһаб «Сауаик ал-Ахия радду ала Уаһһабия» атты еңбегінде: «Сендердің мәзһабтарыңның (уаһһапшылдықтың) жалған екендігін мына нәрселер көрсетеді: Әбу Хурайра (р.а): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Күпірліктің басы шығыстан шығады», — деген.
Риуаят жалғасында: «Сенім – Йеменде, ал бүлік – осы жерде, Шайтанның мүйізі осы жерден пайда болады», — деген [3/93-б].
Имам Ануар Шах әл-Кашмири ад-Деюбанди (1292-1352һ/1875-1933ж) Имам әл-Бұхаридің «Сахихіне» жасаған «Файз ул-Бари» атты түсіндірмесінде: «Шынтуайында, Мұхаммед Ибн әбдул-Уаһһаб ан-Нажди – зердесіз және оның білімі өте төмен болды», — деген. Имам Мұхаммед Заһид әл-Каусари әл-Ханафи (1296-1371һ.ж.) «Табйин казб әл-Муфтари» атты еңбегінде: «Хашауизм (уаһһабизм) – надандық пен жансақтыққа бой ұрғандар. Олар Исламға дейінгі надандық көзқарастарының мұрагері», – деген.
«Сәләфизм» ағымының тармақтары – Мадхализм, Суруризм және Такфиризм болып бөлінеді. Бұл сәләфилік бағыттағы тармақтар – Мухаммад Ибн Абдул-Уаһһабтың көзқарастарын мойындап, ақидалық сенімдерін Ибн Таймияның ұстанымы негізінде бекітеді, мәзһаб пен сенім мектептерінің негіздерін қалаған «Сүннет жұрты және жамағаты» ғұламаларын теріске шығарып, тіпті, күпірлікке де шығарады.
Мәселен, Имам Әбу Ханифаның «Фиқһ әл-Акбар», «әл-Уасия» атты еңбегіне негіздеп жұмыстар жүргізген – Имам Жағфар әт-Тахауи, Имам Әбу Мансур әл-Матуриди, Имам әл-Ашғари сынды Ислам әлемі мойындаған ғалымдарды теріске шығарады. Олардың теріске шығаруындағы негізгі мәселе – Құрани-Кәрімдегі астарлы мағыналы аяттар ұғымы. Сәләфилік ақидасының негізгі принципі – Ибн Таймия құрған «Таухидті Үшке бөлу» ақидасы. Демек, Алланың жалғыздығын зерттейтін «Таухид» ілімін – үшке бөліп қарастырады. Таухидті үшке бөліп қарастырудағы мақсаты – Алла Тағаланың құрандағы мүтәшабиһ аяттарына Құранда келген сөздің тікелей тілдік, күнделікті қолданыстағы мағынасын беріп, астарлы, мақсат етілген ойды ескеруші «тәуилді» жоққа шығарады.
Сондай-ақ, Имам әл-Матуриди мен Имам әл-Ашғари сенім мектептерін теріске шығару болып табылады. Ал, Уаһһапшылдық бағыттағы – «Сәләфизм», «Мадхализм», «Суруризм» және «Такфиризм» тармақтарының барлығы дерлік Ибн Таймияның «Үш негіз» ақидасын ұстанады.
Суруриттер – Салафилердің ішіндегі саяси, идеологиялық ағым. Оның негізін қалаған Мухаммад ас-Сурур Зейнул-Абидин. Ол Сирияның Харран қаласында дүниеге келген. Сарапшылардың тұжырымы бойынша – Суруриттердің діни дайындығынан өткен адамның радикалданып, заңды билікке, басқа дін өкілдеріне, зайырлы азаматтарға қатысты шектен тыс төзімсіздік танытып, өзінің саяси мақсатына жету үшін кез келген тәсілді қолданатынын, соның ішінде қарулы қақтығысқа да баратынын айтады.
Бүгінгі таңда ағымдардың түпті ақиқаты ашыла түсуде. Сондықтан да, сурурия ағымы – ихуандық бағыттағы, салафия жамылғысын жамылған, айла-тәсілдері қоғамдағы аса қатерлі болып есептелетін топтардан болып табылады дей аламыз. Өйткені, ішкі дүниелері мен көзқарастары мүлдем бөлек. Ал мұндай теріс сенімдегі ағымдардың қоғам бірлігі мен ынтымағына, өсіп-өркендеуіне зиян тигізері сөзсіз. Әлемдегі мұсылман елдері дәстүрлі Исламға қайшы келетін сенімдегі ағымдардың үгіт-насихат жүргізуіне тыйым салған, тіпті ресми тіркеуге де алмаған. Мұндай дін атын жамылып, шынайы Исламға залалын тигізуші адасқан ағым өкілдерінің сөзіне құлақ салмас бұрын, олардың тарих сахнасында пайда болу себептері мен мақсаттарына мән беріп, зияндылығы анықталған жағдайда ел болашағы мен мүддесі тұрғысынан сарапқа салып, қажетінше оларға тиісті шара жасауды талап ететіндігі екендігі даусыз.
Серік Тәжібаев «Нұр-Мүбарак» университетінің Аға оқытушысы, Ph.D докторанты
Дереккөз: inform.kz