Ақорда алдағы аптада Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін іс-шаралар жоспарын жариялады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады. 20–23 сәуір аралығында Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсүх Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Сапар барысында екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланады.
Сонымен қатар, 22–24 сәуір күндері Астанада Өңірлік экологиялық саммит өтеді. Бұл жиын БҰҰ аясында құрылған жаңа диалог алаңы ретінде Орталық Азия елдерінің тұрақты дамуына ортақ көзқарас қалыптастыруға және экологиялық проблемаларды бірлесіп шешуге бағытталған. Саммитке түрлі мемлекеттер мен үкімет басшылары, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысады.
22 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Халықаралық Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі өтеді.



