
Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстандағы жоғары білімге қабылдау жүйесін жетілдіруге қатысты бірқатар маңызды ұсыныстарын айтты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Оның сөзінше, адами капиталды дамыту – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі.
Министр қазіргі таңда әлемде білім беру жүйесі түбегейлі өзгеріп жатқанын атап өтті. Жаңа модельдер енгізіліп, цифрлық шешімдер дамып, оқушылардың қабілетін ерте анықтауға басымдық берілуде.
Оның айтуынша, Қазақстанда да білім саласы тек диплом берумен шектелмей, нақты дағдыларды меңгерген, еңбек нарығына бейімделген мамандар даярлауға бағытталуы тиіс.
Аида Балаева ҰБТ жүйесін жетілдіру мәселесіне ерекше тоқталды. Оның пікірінше, бірнеше рет тест тапсыру жүйесі талапкерлерді сапалы іріктеу міндетін толық шеше алмай отыр.
«Бұл – кезекті реформа емес, сапалы жаңа кезеңге көшу», — деді Балаева.
Сондай-ақ министр педагогикалық жоғары оқу орындарына талапкерлерді қабылдау тәртібін өзгертуді ұсынды. Келесі жылдан бастап педагогикалық мамандықтарға түсу кезінде ҰБТ нәтижесімен қатар ауызша емтихан қорытындысы да ескерілуі мүмкін. Бұл сынақта талапкерлердің сыни ойлау қабілеті мен коммуникациялық дағдылары бағаланады.
Сонымен қатар ол ҰБТ-ны бір рет тапсыру форматына көшіруді ұсынды. Бұл грант конкурсына қатысу үшін негізгі әрі объективті нәтиже болуы тиіс. Ал дайындық деңгейін тексеру үшін сынақ тестілеу жүйесі сақталады.
Тағы бір ұсыныс – жоғары оқу орындарына Foundation бағдарламалары арқылы шартты қабылдау жүйесінен бас тарту. Министрдің айтуынша, мұндай жолмен түскен студенттердің 50-60 пайызы оқу жылы ішінде қажетті шекті балл жинай алмайды.
Аида Балаева ұсынылған өзгерістер білім сапасын арттырып, елдің ұзақ мерзімді дамуына негіз болады деген сенім білдірді.



