Жаңалықтар
Дженнифер Лопестің Астанадағы концертінен қанша табыс түспек?

Фото: ашық дереккөз
«Астана Концерт» компаниясының продюсері Малик Хасеновтың айтуынша, америкалық жұлдыз Дженнифер Лопестің Астанада өтетін концертіне 15 мыңға жуық турист келеді деп күтілуде, деп хабарлады qandastar.kz
Бұл шара ел қазынасына 400 миллион теңгеден астам салық түсіреді. Концерт коммерциялық негізде ұйымдастырылып, Астананың халықаралық гастрольдік картада «А» санатындағы орындаушылар баратын бағыттардың қатарына қосылуына ықпал етеді.
– Біз бұл концертке шетелдік және жергілікті 15 мыңнан астам қонақ келеді деп болжап отырмыз. Бұл туризм мен қызмет көрсету секторына, әсіресе HoReCa жүйесіне, шамамен 6,5 миллиард теңге пайда әкелмек. Сонымен қатар, салықтық түсімдер 400 миллион теңгеден асады, – деді Хасенов.
Оның айтуынша, оқиғалық туризм тек көңіл көтеру емес, сонымен қатар экономикалық өсім мен инвестиция тартудың тиімді тетігі. Қазақстан бұл бағытта алға шығуға қауқарлы. Дженнифер Лопестің концерті – «А» санатындағы алғашқы коммерциялық концерт болмақ. Осы тәжірибе негізінде Астана әкімдігімен бірлесе отырып, оқиғалық туризмді дамытудың үш жылдық стратегиясы әзірленбек. Бұл жоспар аясында Астанада тағы 10 ірі концерт ұйымдастыру көзделіп отыр. Негізгі мақсат – елорданы Орталық Азиядағы ірі мәдени оқиғалар орталығына айналдыру.
Премьер-министр Олжас Бектенов аталған бастаманы қолдайтынын жеткізді:
– Әлемдік деңгейдегі жұлдыздарды тарту бойынша жоспарларыңызды бұған дейін де бірнеше мәрте талқылаған едік. Енді бұл іске нақты қадам жасалып жатқаны қуантады. Мұндай ауқымды іс-шараларды ұйымдастыруда жоғары талаптар қойылатынын жақсы білеміз. Қазақстанды халықаралық деңгейдегі мәдени шаралардың тұрақты алаңына айналдыру үшін бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет. Үкімет тарапынан қолдау көрсетіледі, – деді ол.