Жаңалықтар
Назарбаевтардың аралына енді кім иелік етпек?

Фото: ашық дереккөз
Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев аралының жаңа иесі кім? Бұл туралы Orda.kz материалында айтылды, — деп хабарлайды qandastar.kz
«Жасыл» аралы Есіл ауданының Есіл өзені бойында орналасқан. Кейінгі 20 жыл бойы ол Нұрсұлтан және Болат Назарбаевтардың меншігінде болды.
«2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаев өз үлесін ұлы Тауманға, ал Болат Назарбаев үлесін ұлы Нұрбол мен қызы Құндызға сыйға тартқан. Енді бұл жерлердің иесі өзгерді», — деп жазылған мәліметте.
2007 жылы әкімдік бұл жер телімін Назарбаевқа сыйға тартқан. 2009 жылы аралдың бір бөлігі інісі Болат Назарбаевқа өтті. 2010 жылдардың басынан бері арал тәулік бойы полиция күзетінде.
Жан-жағы үлкен қоршаумен қоршалған аумақта жеке үйлер, тікұшақ алаңы және жасанды орман бар.
«Арал әлі күнге дейін қатаң күзетте, бірақ экс-президент отбасы мүшелерінің онда тұрып жатқаны туралы ақпарат жоқ.Аралдың Назарбаевтар иемденбеген бөлігін ҚР президенті істер басқармасы иеленген», — деп жазылған мәліметте.
Дегенмен жақында аралдың бір бөлігі жаңа меншік иесіне өтті. Қоғамдық кадастр картасына сәйкес, Құндыз және Нұрбол Назарбаевтардың үлестері енді «Smart Investment» ЖШС-на тиесілі.
Бұл компанияны «Байтау даму қоры» құрған, ол Нұрсұлтан Назарбаевтың қор құрылымына кіреді. Компания Астанадағы Бірінші Президент кітапханасында орналасқан.
«Осылайша, жер телімі қайтадан Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалында қалған. Кадастрлық карта бойынша учаскенің қалған бөлігі жеке тұлғаға тиесілі. Оның кім екені белгісіз, бірақ бұл тұлға Тауман Назарбаев болуы мүмкін», — деп жазды басылым.